Accessibility links

Ислам дінінің бірінші сатылық ілімі шариғат дейді. Шариғатты білетіндер «Алла ешнәрсеге мұқтаж емес» дейді. Ол рас. «Алланың өзі де – рас, сөзі де – рас».

Мұсылманға міндет етілген парыздардың бірі – Рамазан айында ораза тұту. Әрине, Алла адам баласының тұтқан оразасына мұқтаж емес. Ораза адамның өзі үшін қажет. Бірақ біздің қоғамдағы ораза ұстаудың кейбір түрін көріп қарның ашады.

Мәселенки, жыл бойына арақпен аралас-құралас, сырамен сырлас адамдар Рамазан айында сыралғы «достарына» «сатқындық» жасап, ораза тұтады. Кейбіреуі «Бәлен деген досымның көңілін қимай ішіп қойып, аузымды ашып жібердім» деп әңгімені гөйітіп отырады. Сонда ораза тұтуды «аш жүру» деп түсініп, «күнәм көбейіп кетпесін, бір рет ораза ұстап қояйын» деген оймен ауыз бекітетін болып тұр ғой. Мұндай әрекетті көп көрдік.

Сөйтіп, оразаны есеппен ұстайтын мұсылмандар да бар. Жарайда, аузын бекітсін. Ол дұрыс. Ай бойы қайырымды, мейірімді, тәубешіл, қанағатшыл боласыз. Абай айтқан толық адам болуға ынта қыласыз. Бірақ ораза аяқталады ғой. Сол кезде кейбіреулер оразаның аяқталуын «жуып» кетеді. Ондайды да көрдік. Сонда кімді алдамақ болған әрекет бұл?

Иман, ұят, өнеге, мәдениет деген бір дүниелер болушы еді. Оразаның басынан, ортасынан, аяғынан үш күн ұстайтындар, «көңіл қимастықпен» оразаны бұзатындар, оразаның аяқталуын «жуатындарға» не істемек керек? Бұл – біздің қоғамдық мәдениетіміздің бір көрінісі. Осындай ғадетімізге қарамай «Діни ағымдар түбімізге жететін болды» деп шуылдаймыз. Өзін-өзі алдаған топты алдап апарып орға жығу оңай болса керек...

Алладан екі дүниенің жақсылығы мен жеңілдігін тілеп, шын ниетімен ораза тұтқан жамағатқа «Ниеттеріңіз қабыл болсын!» дейміз.

abdihalyh.imanjusyp.omirjan@gmail.com

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG