Accessibility links

«Елбасы дұрыс айтады»


Солдан оңға қарай: Беларус президенті Александр Лукашенко, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев және Қырғызстанның сол кездегі президенті Құрманбек Бакиев. Минск, 27 қараша 2009 жыл.

Солдан оңға қарай: Беларус президенті Александр Лукашенко, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев және Қырғызстанның сол кездегі президенті Құрманбек Бакиев. Минск, 27 қараша 2009 жыл.

Жуырда Азаттық радиосы өз сайтында «Назарбаевтың Қызылағаштағы бұл сөзінен не ұқтық?» деген тақырыпта оқырмандарына ой тастады. Оқырмандар онда жалпы алғанда біржақты пікірлер қалдырған. Соның ішінде Қазақстанда Қытайдан келген қазақтарға жағдайдың жасалмай отырғандығы жайында да ойлар айтылған.

Ал менің Бейжіңге барған бұл сапарымда, сол қалада оқып жатқан Қытай қазағына жолығуым осы мәселеге қатысты айтылмай жүрген біраз ойларды айғақтай түскендей.

Негізі бұл мәселені қозғау ойда жоқ болатын. Бірақ Қытай қазақтарына жолыққан сайын олардың қазақ мәселесі туралы ойларын айтатыны мен үшін үйреншікті жағдай болған. Бұл азамат та менімен сөйлесе келе осы төңіректегі ойларын жайып салды. Оның пікірін жариялауға рұқсатын алдым. Бірақ аты-жөнін жарияламауымды сұрады. Бұл жігіттің кім екенінен гөрі, мен үшін оның ойы маңыздырақ болған соң, талабын орындауға келістім.

Бұл жігіт жастайынан қытайшаны жақсы меңгерген екен. Өзінің айтуынша қазір де қазақтардан гөрі қытайлармен жақсы араласады, әрі достарының көбісі қытайлар екен. Екеуміздің қазаққа қатысты оймыз былай жалғасты:

– …Сонда Қытайдан барған қазақтардың Қазақстанның дамып, өркендеуіне расымен де үлесі жоқ дегің келе ме?

– Әрине! Өйткені Қытайдан барып жатқандардың басым бөлігі - осында жұмыссыз қалғандар, не болмаса күнкөрісі қиындап кеткендер. Естуімше, олардың еңбекқорлығына Қазақстандықтар таңданыспен қарайды екен…

– Солайы солай. Менің ауылыма көшіп келген қазақтарға әйтеуір ауылдағылар қызыға да, қызғана да қарайды. Себебі, олардың айтуынша қытайдан келген қазақтар аса еңбекқор болады. Күрек тимеген жерлерді игеріп, кез-келген шаруа түрін домалатып әкетіп жатыр. Тіпті тұрмысын мықтап алғандары да жоқ емес…

– Негізінде, олар - осындағылардың ең жалқаулары. Нағыз еңбекқорлар осында. Білімділері де Қытайда. Ал Қазақстанға барып жатқандарының көбісі - оқымаған, ауылдың мал өсірудің айналасында жүрген қарапайым адамдары. Енді олардан Қазақстанның өркен жаюына қандай дүние талап етуге болады? Елбасының «Ол азаматтардың Қазақстанға әлі еңбегі сіңген жоқ» деуінің мәні бар, дұрыс айтады. Себебі, оқыған, тоқыған талай мықтылар Қытайда жап-жақсы орындарда, өзіне лайық ақшасын тауып отыр.

– Жаңа cөзіңде «ауылдың қазақтары» деп қалдың, сонда қала қазақтары деген ой жатыр ғой мұнда. Олар туралы не айтасың?

– Иә, Қытайда ауыл, қала қазақтары болып бөлінеміз. Және көп жағдайда ойымыз да бір жерден шыға бермейді. Олар «тарих-тарих» деп тек сол бітпейтін, таусылмайтын әңгімелерін айта береді. Мен кейде ондай сөздерден жалығып кетемін…

– Бұ не дегенің? Тегін білмегенді кім деуге болады?

– Жоқ, ол туралы теріс ой айтайын деп тұрған жоқпын. Солардың сөзін тыңдап тарихты олардан кем білетінімді іштей мойындаймын. Олардың тарихи білімділігіне дауым жоқ. Бәлкім, менің қазақылығым олардан кем шығар, бірақ тарихты тек сөзбен ғана сақтауды сіз өзіңіз қалай көресіз? Бізге қазір сөзбен өмір сүруге болады деп ойлайсыз ба? Сонда кім елді дамытады? Мысалы мен ауылда мал бағып қалғым келмейді. Менің де ел сияқты еңбектеніп, өз орнымды тапқым келеді. Және мен сияқтылар аз емес…

– Онда қайтыңдар елге. Білгендеріңді Қазақстанға арнаңдар…

– Ол мұндайлық оңай емес, Ереке. Осында қазіргі отырған орны үшін он, тіпті жиырма жыл еңбектеніп, тер төккендер бар. Олар мұншама көп халықтың арасынан жарып шығып қазіргі тәуір тұрмысына оңайлықпен жеткен жоқ. Сол жолда қаншама ауыртпалықтар көрді, қиындықтармен күресті. Енді Қазақстанға барып кім бәрін қайтадан басынан бастағысы келеді? Мен де болса бармас едім…

– Сонда мүлдем келмейміз деген ниетіңіз бе?

– Келгісі келмейтіндер жоқ емес. Бірақ менің айтқым келгені олай емес. Қазақстан сол адамдарға лайықты қызмет ұсынсын. Не болмаса «мына үй сенікі, бірақ осыншама міндет мойныңда» деген сияқты келісім шарттарға отырсын. Ондай жағдай тұрса, кім де болсын қуана келісер еді. Себебі, сол айлыққа Қытайда қызмет кеткеннен гөрі дәл сондай жағдайда өз Отанында еңбек еткен, әрине, өзінше бір бақыт… Егер мынандай кәсіпорындар ашу керек деп нақты тапсырмалар берілсе, оны дөңгелетіп әкететін азаматтар жетеді мұнда. Оны осында істейін десе, Қытай олардың қолына ақша ұстата салмайды… Қашанғы сатып ішесіңдер?… Осы жағын ойлану керек.

– Жөн-ақ екен, бауырым! Бірақ Қытайдан оқып барып жатқан өзіңнің осындағы бауырларың да аз емес…

– Университет бітіріп барғандар мен қызмет істеп жүргендердің қарым-қабілетін салыстыруға болмайды. Өйткені, оқу бітіріп барғандар өндірісті көрмегендер, қазанында қайнамағандар… Оқу бітіргеннің бәрі кереметтей қызмет жүргізіп кетеді деген қате сөз. Өйткені, Қытайда ЖОО-нын бітіріп жұмыссыз қалып жатқандар өте көп. Оқу бітіргеннен кейін де жұмысқа орналасып, қызметтерге араласу үшін, әрі өндіріс ошақтарында тәжірибе жинақтауға да үлкен таластар, іріктеулер болады. Олардың ішінен тек мықтыларына ғана жол ашық. Қазіргі Қазақстан үшін сол електен өткен осындағы таңдаулы қазақтарды бірінші кезекте жаңағыдай шарттар негізінде алдыру керек… Әйтпесе, сіздердегі «Болашақ» бағдарламасымен оқып барып жатқандары да бірдеңені қатырады дегенге аса сенбеймін…

– Оған қандай дәлелің бар?

– Мен бәріне бірдей топырақ шашпаймын. Мен оқитын университетте Қазақстаннан келген 3-4 қазақстандық бар. Оның ішінде мықты оқитындары да жоқ емес. Бірақ мен біреуімен жақсы таныспын. Сабақ басында бір көріп ем, одан қайтып көрмедім. Бірақ әйтеуір оқып жатыр… Түк сабаққа келмейді. Сабағы өте нашар. Одан қандай болашақ күтуге болады? Өзін қойыңыз, ертең сол Қазақстанның бір тұтқасын ұстар азамат болса не болмақ?

– Біз болашағымызға сенеміз, бауырым! Бір жақты пікірде қалуға болмайды. Қай елді алсаң да өз ішінде шешілмей жатқан, бітпей жатқан, орындалмай жатқан мәселе жоқ емес, өзің білесің… Сондықтан кейбір мәселелерге байланысты басты салбыратуға болмайды. Егер рас еңбек сүйгіш болсаң онда «құрыдық, біттік» дей бермей, керісінше сол қажыр-қайратыңды жұмсауда еш шаршамау керек деп ойлаймын. Сендей азаматтар елге керек екенін біл!…

http://ertai.dosym.kz

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG