Accessibility links

Жарық жоқ – кино болмайды


Үй тапсырмасын орындап отырған тәжік баласы. Душанбе, 14 ақпан 2009 жыл.

Үй тапсырмасын орындап отырған тәжік баласы. Душанбе, 14 ақпан 2009 жыл.

Тоқсаныншы жылдардың басы мен ортасы естеріңізде шығар. Сол жылы басқа құрдастарымның папалары секілді, менің де папам жұмыстан айырылды. Шынын айту керек, үлкендердің уайымы мені қатты мазалаған емес.

Тек дастарханға қойылатын тағам түрлері тым сиреп қалған кездерде қарындасымыз екеуміз – ауылдан қалаға келіп, алғашқы қадамын кішкентай ғана тігін цехын ашудан бастап, уақыт өте келе үлкен фабриканың қожайынына айналып шыға келген «просто» Марияның өміріне қызығатынбыз.

Тіпті, кейбір күндері мен Хосе Игнасио болып, қарындасым қарапайым Мария болып ойнайтынбыз. Күндердің күнінде осы мексикалық телехикаяны көруге де зар болып қалдық. Қазір шешемнің сол кездегі уайымын сөзбен айтып жеткізе алмаспын. Сол жылдары бүкіл қалада электр жарығы тәулігіне тек 3 сағат қана қосылатын. Қырсық болғанда, дәл телехикая басталарда свет өшетін. Сондай күндері шешем:

– Осылар да бір сорлы болды (әкімді айтып жатыр ма, президентті айтып жатыр ма – белгісіз). Бір сағат шыдай тұрса қайтеді, – дейді.

– Кімді айтасың? – деген әкемнің дауысы шығады қараңғы бөлмеде.

– «Светті өшір» дейтіндерге жыным келіп отыр да.

– Ааа, солай ма?

Шешемнің жыны келетіндей бар. Кей күндері электр жарығы әдеттегі уақытынан 10-15 минутқа кешігіп сөнетін. Сол күні шешемнің көңілі көтеріліп қалушы еді. Өйткені «бүгін әлгі киноны көретін болдым» деп үміттенетін. Сондай күндері:

– Мыналар светті өшірмейтін болған ғой, – деп көңілденіп қоятын шешем.

Барлығымыз телевизордың алдында отырып, Жаратушыдан «Просто Мария» біткенше жарық өшіп қалмаса екен деп тілейтінбіз. Демімізді ішімізге тартып күтіп отырамыз. Әне-міне басталады деп отырған уақытта жарық сөнеді. Сол кезде маған әлдебіреулер телехикаяны күтіп отырғанымызды біліп, басталуына санаулы минуттар қалғанда жарықты әдейі сөндіріп, бізді мазақ қылатындай елестеуші еді.

– Нағыз сорлы екен ғой, – деп, шешем орнынан тұрып басқа бөлмеге кетеді.

Бағаналы бері үнсіз жатқан әкемнің:

– Іш пысты ғой, шемішке қуырсай, – деген дауысы шығады.

Осы кезде біздің подъезде жұрттың жүрісі жиілейді. Үшінші қабатта тұратын көршіміз Сенбектің де ақырған дауысы естіледі. Бұл кісі арақты жиі ішетін. Қатты мас болып келген күні әйелін, бала-шағасын далаға қуып, әбден мазаларын алатын.

– Ойбай, көмектесіңдер! Өлтіріп жатыр. Мұрат, Сайыт, шығыңдаршы! – деген Нағима апайдың жан дауысы естілуші еді.

– Папа, қойшы! Папа, папа! – деп, әкесінен шешесін арашалап жүрген құрдасым Саматтың да дауысын танып қалушы едім.

Қарындасымыз екеумізге қызық керек – подъездегі айқай-шуды ести салып, сыртқы есікке тұра жүгіреміз. Ас бөлмеде шемішке қуырып тұрған шешем:

– Отырыңдар тыныш! – деп бізді қайтарып тастайтын.

«Егер свет өшпесе, Саматты папасы ұрмайтын еді» деп ойлайтынмын. Өйткені сол уақытта бәріне жарықтың сөніп қалуы кінәлі деп ұғатынмын. Подъездегі айқай-шу басылған соң біздің үйге 51-пәтерде тұратын Ағылез деген көршіміз келетін де, болған жайды баяндайтын:

– Әйелімен қосып қызын да сабады оңбаған.

– Бала-шағасында несі бар екен?

– Сайыт келіп ажыратпағанда, Нағиманы өлтіріп тастар еді.

– Ішпесе – жап-жақсы адам. Өткенде бала-шағасын ертіп қонаққа кетіп бара жатыр еді ғой.

– Достары жақсы адамдар емес. Айтпақшы, өткенде Сайттың інісінің үйіне қонаққа барып едік, тоқ тартатын моторы бар екен. «Просто Марияның» бір сериясын көріп қалдым.

– Көрмегелі көп болып еді, соны айтшы оданда. Не болып жатыр?

– Виктор екеуі ұрысып қалып еді ғой.

– Ия, ия.

– Қайта табысыпты…

Электр жарығы таң атқанша қосылмайтын. Қарындасым екеуіміз шешем мен Ағылездің әңгімесін тыңдап жатып ұйықтап кететінбіз.

boltaie@gmail.com

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG