Accessibility links

Биылғы парадтың ерекшелігі – әйелдер болды


Конституция күніне орай өткен парад. Астана, 30 тамыз 2009 жыл.

Конституция күніне орай өткен парад. Астана, 30 тамыз 2009 жыл.

Конституция күніне орай әскери парад өткізудің мәніcі неде дегенге жауап табу қиын секілді. Әлде осыны түсінбейтін біз бірдеңе шығармыз-ау...

Ал кейбіреулердің пікіріне қарасаң, осындай салтанатты рәсім өткізуді қолдайтын сияқты. Бірақ солар мұның себебін айта алар ма екен? Бәлкім, елдің айбынын көрсетумен байланыстыратын шығар.

Олай болса, соған сұранып тұрған Тәуелсіздік күні бар емес пе. Осы күні айбынды асырып, мерейді өсіретін қандай шара өткізсе де артық болмас еді. Бұл парадты да со күнге тураласақ, кім қой деп жатыр. Сталин нацистер әскері Мәскеу түбіне тұмсық тіреп тұрған қаһарлы қыста да парад өткізген жоқ па еді.

Конституция күні әскери парад өткізудің қисынға келмейтін мынандай себептері бар.

Біріншіден, бұл – Қарулы күштердің, болмаса басқа бір күштердің күні емес, бақандай бір елдің Негізгі заңының күні. Әскер деген – күш. Ал Конституция деген – заң. Негізгі заң қабылданған күні әскер шығарудан тек қана қайшылық көреміз. Жыл сайын елдің құқығын баянды етуді қортындылаудың орнына, алаңда әскер ойнату – ақылға сыйымсыз.

Екіншіден, әскери парад болсын деген күннің өзінде, Қазақстан бір алпауыт болса екен, шіркін. Салыстыра бейнелей айтатын болсақ, күрек-садақтарды алаңға алып шығудың қандай салтанаттық сипаты бар?

Үшіншіден, парадта көрсете алатындай керемет әскери өнер үлгісі болса да – бір жөн еді. Оны да көрмедік. Бұған қарағанда, биыл Мәскеуде өткен парадта түркімен ақалтекесінің Қызыл алаңнан жай аяңдап өткенін өнер деп бағалауға тұрады. «Сонда бұл халық не үшін алаңға жиналып, бұл әскер не үшін әуреге түсті?» деген сауал туындайды.

Енді осыдан не түйгенімізге тоқталсақ.

Біріншіден, бұл шеру парад жасауды ұсынғандардың пайым-парығының қаншалықты шолақ екендігін көрсететіндей. Болмаса, таза дарақылық. «Елде жоқ – бізде болсын» деген.

Екіншіден, осы парад арқылы, парадқа алып шыққан күрек-садақтар арқылы қуатты, күшті емес, қайта қауқарсыздықты көргендей болдық. Төңірек сескенетіндей ерекше қару-жарақ көрінбеді, әлде біз көре алмадық...

Жөнге келсек, қуатты шеру болса, ең құрығанда төңіректегі елдердің баспасөзі улап-шулап жатса керек еді. Ондай эффект бере алмаған парадты әскери парад деп айтудың өзі қиын-ау.

Үшіншіден, парадта үздік дейтіндей әскери өнер үлгісі болмағанымен, есесіне әйелдер сап түзеп шыққан жоқ па...

Мұны биылғы парадтың ерекшелігі дейік. Ал алдағы парадта не күтіп тұр екен?

aidynbars@mail.ru

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG