Accessibility links

«Қырсығы мен қиындығы мол тірлікпен қош айтысып, о дүниеге келіппін. Тіршілігімде ешкімге жамандық істемей, асып-тасымай-ақ өмір кешкенімнен бе – бұл жақта Алланың әмірімен жаннаттан орын бұйырыпты. Қуанғаным соншама – бар пәрменіммен жаннатқа қарай ұша жөнелдім.

Жаннатқа да келдім-ау. Миуалы бақ, сылдырап аққан мөлдір бұлақ, сап-салқын, жанға жайлы жұпар ауа! Саялы жаннаттың дәл өзі! Өз көзіме өзім сенер емеспін. «Тіршілікте тауқымет тартсам да, өлгенімде қарық болғаным ай!» деп қуанып келемін, ұшып келемін.

Келе сала мөлдір бұлаққа бас қойдым. Ауызым зәмзәм бұлаққа жете бергенде қарымды қол желкемнен бүріп алып, лақтырып жіберді. Сүріне-қабына орнымнан тұрып, лақтырған жанға қарасам – еңгезердей күзетші тұр алдымда. Адам ба, пері ме, кім білсін – қатулы қабағынан қар жауады.

– Не жаздым саған? Алланың әмірімен келіп едім ғой бұл жаннатқа...

– Бұл жекенің иелігінде. Қазақстанның алпауыттары сатып алып қойған. Ал сен сияқты жай адамдар, ана жаққа барасыңдар!

Көзім енді жетті: жаңағы иранбақтың ар жағында зәулім вилалар тұр; алдында – гүлзар, айнадай жарқыраған бассейіндер; сол бассейінде біздің алпауыттар хор қыздармен ойнап-күліп, шомылып жүр.

Ал күзетшінің «барасың» деген жағына қарасам – сасық саз, қоғалы көл, жеміссіз жиде ағаштары әр жерден мен мұндалайды.

«Құдайым-ау! Біздің шенеуніктер мен алпауыттар бұл жаннатты да жекешелендіріп алған болды ғой! Әй, бұларға тосқауыл, тойтарыс екі дүниеде болмайтын болды ғой».

Ана дүниеде Алматыдағы әйгілі Алатаудың баурайындағы жасыл қырат, сай-саланың ішінде бой көтерген зәулім коттедждер, виллалар көз алдыма келді. Астана қаласындағы, Каспийдің жағасындағы ең керемет деген жерлерді... бір сөзбен айтқанда, көркі көз тартатын әдемі жердің бәрін біздің шенеуніктер мен олардың жегжаттары иеленіп, сарай салып ала берген жоқ па?! Сол сарайларда қыбыр еткен пенде жоқ. Иен қалған үйді жалғыз күзетші мен өгіздей болып өңкиіп жатқан жалқау төбеттер ғана мекендейді...

Ойым он саққа, санам сан саққа кетті: «Біздер, қара қазақтар, екі дүниеде де жайлы жерге қол жеткізе алмайтын болдық ау!..»

Осы кезде күзетші ақырып қалды:

– Құры ары! Табаныңды жалтырат бұл арадан!

Қатты дауыстан шошып ояндым...

Біз, қазақ, нас басып ұйықтай береміз осы. Ұйқы ұзарса – түс көбейеді.

serikkerey-12@mail.ru

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG