Accessibility links

Қазақстанда Қадір түнін мешітте қарсы алатын жарандар көбейіп келеді


Биыл күннің ыстық мезгіліне тап келсе де, оразаны қиналмай-ақ ұстағандарын айтқан жандар Қадір түнінде мешітте бас қосып, ғибадат тыңдап, тілек тілеумен таң арайын қарсы алды. Солардың арасында біздің де тілшіміз болған еді.



Алматы қаласында Рамазан айының 27-түніне сәйкес келген Қадір түнін мешітте өткізуге барған адамдардың Алладан сұраған басты тілегі - отбасының амандығы мен ел-жердің тыныштығы болды.


Мұсылмандар үшін Қадір түнінің қасиетті саналу себебі - бұл түні аспаннан қасиетті кітап Құран түсіріле бастаған. Рамазан айының аяғына сәйкес келетін Қадір түні түсірілген Құран Кәрім - мұсылмандардың өміріне басшылық ететін, пайда мен зиянның, жақсы мен жаманның, тура жол мен адасудың ара жігін ажыратып беретін баға жетпес құнды кітап. Сондықтан мұсылмандар Қадір түні жасаған құлшылықты Алла мың айда жасаған ғибадаттан артық қабылдайды деп санайды.

Қадір түні алдында оған дайындықты кейбір отбасылар ауызашардан-ақ бастап кетті. Биыл бірінші рет ораза ұстаған 47 жастағы Бағдат есімді келіншек Қадір түнінде таңғы сәресіге дейін көз ілмей отырғанын айтты. "Бұрын әр жерім ауыра беруші еді, ораза ұстағанда сол аурудың ешқайсысын да сезбедім" дейді ол.

Ал мектепте мұғалім болып қызмет ететін Зүлфия: "Ата-енеммен 16 жылдан бері бірге тұрамын. Енем жақында ғана қайтыс болды. Олар сол мен келін болып түскен жылдан бастап, ораза ұстап келеді. Таңғы сәресі беру үшін ерте тұрып жүріп, өзім де ораза ұстайтын болдым" деп ағынан жарылды.

Қымбатты ағайын, Қадір түнінде тілшімізбен ой-пікірлерін бөліскен жандардың әңгімелерін "Уақыт бедері" айдарынан толық тыңдай аласыздар.

XS
SM
MD
LG