Accessibility links

Науқаншылдық науқасы меңдеген Қазақстанда қандай бағдарлама жоқ дейсіз. «Мәдени мұра» деп бір шуладық, инновация деп, серпінді жобалар деп тағы тепсіндік.

«Мәдени мұра» майшелпекке айналып тынды. Бір ғана мысал, елдегі бірнеше орталықтың әрқайсысы өз міндеттерін ажыратып алудың орнына, бірін-бірі қайталап әлек болды. Париж ұлттық кітапханасында жатқан қолжазбаны Ұлттық кітапхана барып бір қопарады. Артынан зерттеу институттары барып тағы да шаңын шығарады. Әр барғанына әртүрлі орталық әртүрлі сомада ақша шашты.

Соны бір орталық алып, оны ортақ базаға енгізіп, екінші орталық барып, басқа елдерде қалған мұрны бұзылмаған мұраны түгендесе қайтер еді деп ойлайсың. Сонда мұраны кеңінен зерттеп, бірігіп пайдалануға болар еді. Бірақ біздің «мұрагерлер» мұндайға мұрын шүйіріп әлек.

Серпінді жобаларды қамтыған бағдарламаның сиқы – анау. Президент бүгін келіп ашып кеткен зауыт ертесінде жабылады.

Ал ЕҚЫҰ-ны басқарамыз деп «Еуропаға жол» деген бағдарлама қабылдап тастадық. Сол «жолымыз» – осы ұйымда басқарған жылы ел басшысын басқаларымен бірге (отбасы мүшелері деуге – қиын) қорғайтын ерекше заң қабылда болды.

Алдағы жылы ел Ислам конференциясы ұйымына кезеңдік төрағалық қызметін атқармақ. Бірақ осыған орай «Исламға жол» бағдарламасы қабылданбапты. Бұған кеңесші-қосшылардың ақылы жетпеді ме екен, әлде ислам одағын біріктіретін ұйымды менсінбеді ме екен.

Бірақ бір мәселе анық. Бұл елге әрқандай бір ағым-бағымсыз, қызыл-жасылсыз нағыз салауатқа бастайтын, жөні түзу исламға апаратын жол керек. Бізге ол сөз бе екен...

aidynbars@mail.ru

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG