Accessibility links

Бейжіңнің билік жүйесін реформалау туралы уәдесіне қарсыластары күмәнмен қарайды


ҚХР төрағасы Ху Цзиньтяо.
ҚХР төрағасы Ху Цзиньтяо.

Қытай басшысы Ху Цзиньтяо елдің оңтүстігінде саяси реформалар бастайтынын ресми түрде мәлімдеді. Аталған реформа аясында демократиялық сайлау өткізілмекші. Алайда, Қытайдағы қазіргі билік жүйесінің қарсыластары Қытай президентінің уәдесіне күмәнмен қарайды.


ТӘЖІРИБЕЛІК ШАРАЛАР

Қытай президенті Ху Цзиньтяо, елдің оңтүстігіндегі Шэньчжэнь қаласында саяси реформалар жүргізуді бастайтынын жария етті. «Бұл тәжірибе ретінде іс жүзіне асырылғалы отырған реформа аясында демократиялық сайлаулар да өткізілмек» деп хабарлайды «Рэйдиоу Фри Эйша». Алайда, Қытайдағы қазіргі билік жүйесін сынаушылар президент Худың уәдесіне күмәнмен қарап, аталған реформаның нақты нәтиже береріне сенімсіздік білдіріп отыр.

«Заңға, демократиялық саясатқа, демократиялық басқару мен бақылауға сай демократиялық сайлау арқылы социалистік демократияны кеңейте отырып, біз социалистік саяси жүйенің өзін-өзі жетілдіруін алға жылжытуды жалғастыра береміз. [Қытайдағы] Орталық үкімет арнайы экономикалық аймақтардағы батыл тәжірибе жүргізу мен жаңашыл жұмыстарға бұдан әрі де қолдау көрсете береді» , – деп мәлімдеді қыркүйек айының 6-сы күні Шэньчжэнь арнайы экономикалық аймағының жұмыс істей бастағанының 30 жылдығына арналған салтанатты жиналыста президент Ху.

«Алайда, президент Ху сөйлеген кезден бір-екі күн ғана бұрын Қытай ресми ақпарат агенттігі Синьхуа жариялаған түсініктеме реформа кең ауқымда жүргізіледі деп үміттенудің орынсыз боларына меңзейтін тәрізді» делінген «Рэйдиоу Фри Эйша» сайтында.

«Батыста кең таралған көппартиялық жүйені көшіріп алу орнына, Қытай өзінің 1,3 миллиард тұрғыны үшін қазіргі саяси құрылымға негізделген демократия мен өзін өзі билеуді кеңейте отырып, өз жолымен жүруге тырысады, – деп жазылған тамыз айының соңында жарияланған агенттіктің түсініктемесінде. – Реформа билеуші Қытай коммунистік партиясының мәртебесін нығайтуға бағытталған. Бұл партияның жетекшілігімен басқа да партиялар саяси кеңесулер арқылы мемлекеттік істерге қатысады».

ЖҰРТ ПЕН ШЕНЕУНІКТЕР ҚАҚТЫҒЫСЫ

Президент Ху қыркүйектің 5-і күні елдегі билік жүйесінің реформаланатынын көпшілік алдында жария ету үшін Шэньчжэнь қаласына келді. Дәл сол уақытта Шэньчжэнь қаласының аумағындағы Лоньхуа кентінде қауіпсіздік қызметінің жеке құрамы мен ашулы жергілікті тұрғындар арасында қақтығыс болды. Қақтығыс шенеуніктер көшеде сауда істеп тұрған жаймалап сатушылар мен көше саудагерлерін көшелерден қумақшы болғанда туған.

Қыркүйектің 4-і түнге қарай, шенеуніктер бір көше саудагері мен оның кішкентай баласын соққының астына алды деген лақап тарасымен, жүздеген адам, бірнеше «ченьгуань», яғни қала шенеуніктеріне қарсылық көрсеткен. «Ченьгуаньдар» заңсыз көше саудасы мен аутотұраққа көліктерді қою ережесінің бұзылмауын қадағалайды.

«Бұл біз жұмысты аяқтап болған кезде, түнгі он жарым шамасында болды, – дейді аталған маңға таяу қоныс тепкен сауда орталығында істейтін бір қызметкер әйел. – Олар бұл махалланы қоршап алып, [сыртқы әлемнен] бөліп тастады. Әнебір жердегі McDonald's дәмханасының жанында жиылған олардың ұзын-саны бірнеше мыңдай болды. Мен жұрттың кішкентай баланы сабап кетіпті деген сөзін естідім. Осылайша адамдар [биліктің өздеріне осындай қарым-қатынасына] наразылығын білдірген болатын. Бұл өзі елде болмаған, елең еткізетін оқиға болды».

Лоньхуа кентінің Миньжи көшесінің Көшелер комитеттерінің кеңсесіне шалынған телефон қоңырауына жауап қатқан бір қызметкер, полицияның төрт адамды тұтқындағанын айтты. Оның айтуынша, тұтқындалғандар аталған қақтығыс барысында «тәртіпсіздік жасады» деп айыпталып, абақтыға қамалған.

Ли есімді Шэньчжэнь қаласының тұрғыны «ченьгуань» шенеуніктерін «сауатсыз» деп күстәнәлап отыр. «Олар заңды қалай іс жүзіне асыруды білмейді. Олардың бар білетіні – осындай ахуалға тап болғанда, күш қолдану» деген қытайлықтың сөзін келтіреді халықаралық радио қызметі.

Қытай басшылары бұрын бірнеше мәрте Қытай билігінің басындағы коммунистік партия өз билігін сақтап қалмақ болса, онда оның реформаларды іс жүзіне асыруы қажет деп мәлімдеген болатын. Мұндай сөздерге әлеуметтік наразылықтың өсуі, ең кедей және ең бай тұрғындар арасындағы отбасылық кірістер көлеміндегі айырмашылықтың артуы және шенеуніктер ішінде кеңінен жайылған жемқорлықтың тіпті бой бермей кетуі себеп болды.

Алайда, Қытайдағы қазіргі билік жүйесін сынаушылар президент Худың расында да саяси реформа жүргізіп, демократиялық сайлау өткізетініне күмәнданып отыр. Шэньчжэнь қаласында тұратын адам құқықтарын қорғау жөніндегі қозғалыс белсендісі Чень Шувей Қытай президенті «социалистік демократиялық реформа» туралы айтты, дейді.

«Менің түсінуімше, бұл Қытай коммунистік партиясы бақылап отыратын демократия дегенді білдіреді. Бұл тек шоу ретінде жасалып жатқан дүние. Олар заң бәрінен жоғары дейді, алайда бізде ешбір уақытта бұдай болған емес. Сондықтан, мен бұл реформа [уәдесін] алдау деп санаймын», – деп атап көрсетеді Чень.

Өткен айда осы қалаға ҚХР премьер-министрі Вень Цзябаоның жасаған сапары мұнда саяси өзгерістер болады деген үміт отын тұтатып кетті.

Осы бір сапар Бейжің қаласының солтүстігіндегі бір шипажайда өткізілген дискуссиялық форумның ұйымдастырылуына себеп болды. Аталған форумды жаушы-жаламда, әбігерлене ұйымдастырып өткізушілер – интернет торабының саяси белсенді пайдаланушылары еді.

Олар Қытай премьер-министрінің сапарын талқылады. Мюн шипалы су бастауының жанында өткен бұл форумға қатысушылар келер уақыттан көп үміт күтетіндерін жасырмады. Олар Вень Цзябаоның мәлімдемелері Қытайда саяси өзгерістердің жаңа дәуірі басталғанын білдіруі мүмкін дегенді тілге тиек етті.

Қытай премьер-министрінің сөзін бұлар Қытайдағы оппозициялық топтар арасында кеңінен танымал «Хартия '08» құжатындағы ұсыныстарға ұқсас деп бағалады. Аталған құжаттың тете ауторы Лью Сьябао 2009 жылдың желтоқсан айында бүлдіру әрекетімен айналысты деп айыпталып, түрмеге қамалған болатын.

Шэньчжэнь қаласында өткізілетін тәжірибе үкімет қызметкерлерінің кейбір артықшылықтарын жою шараларынан тұратын болады. Мысалы, «бұдан былай үкімет қызметкерлеріне өмір бойы жұмыспен қамтамасыз етілу кепілдігі берілмейді» деп жазады Синьхуа агенттігі.

Маусым айында Шэньчжэнь қаласының бесінші партиялық конгресі жаңа өзгерістер енгізілуін қолдап, дауыс берген еді. Оларға сәйкес, билік жүйесіндегі лауазымды орындарға үміткерлерді халық тағайындап қоятын болады және бұрынғымен салыстырғанда, көбірек лауазымды орындарға адамдарды тағайындау енді балама сайлау нәтижесінде іс жүзіне асырылатын болады.

«2015 жылға қарай, Шэньчжэньдегі бюро деңгейінен төмен басшылық қызметтеріне ие болуға үміткерлердің, ең аз дегенде, жартысы бұл орынға балама сайлау нәтижесінде тағайындалатын болады» делінеді Синьхуа агенттігі хабарламасында.

Гонконгтағы Қытай университетіндегі саясаттану пәні оқытушысы Вэнь Юджинь «үкіметтің ендігі басты қадам саяси реформалау екенін түсінгенін бұрынғы реформалар көрсетті» дейді. «Олар реформаларды біртіндеп, ептеп-ептеп, тәжірибе ретінде алдымен жеке бір аймақта жүргізулері керек», деген өз ойын білдіреді Вэнь Юджинь.

Кезінде Қытайдың бір кездегі жетекшісі, марқұм Дэн Сяопинның басшылығымен жүргізілген реформалар барысында Шэньчжэньде Қытай билігі, шетелдік инвесторларды тарту үшін, салық деңгейлері төмен және бюрократиялық тәртіптер саны азайтылған арнайы экономикалық аймақ құрған болатын. Шэньчжэнь – Гонконг кемежайлары және оның қаржылық орталығының дәл іргесінде қоныс тепкен қала болып табылады. Қытай билігі мұнда экономикалық реформаны бастағанда Гонконг британдықтардың билігіне бағынатын.

«Осы реформалар нәтижесінде, өткен отыз жыл ішінде қала экономикасы жылына шамамен жиырма алты пайыздық қарқынмен өсіп отырды. Ал бүкіл Қытай экономикасының аталған уақыт кезеңіндегі даму қарқыны шамамен он пайыз болған еді», – деп түсінік береді бұл ахуалға «Рэйдиоу Фри Эйша».
XS
SM
MD
LG