Accessibility links

Тағдыр тауқыметі


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Астанадағы мұражайындағы алақан бедері.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Астанадағы мұражайындағы алақан бедері.
«Ух» деді сәскеге дейін тырп етпей ұйықтаған Келдібек мең-зең басын зорға көтеріп. Іші әлем-жәлем. Оны күйдіріп бара жатқан – кешегі құдалықтың соңында тартыңқырап жіберген арақ емес, сыбырлай сөйлеген (құдасының немере інісі болып келетін МАИ инспекторы ма, басқасы ма), әйтеуір шегірткенің айғырындай шіңкілдеген неменің сөзі құртты ғой. Құдалар жағын аралай барғанда қасындағы ағасы, мұның бел құдасына «Көке, мыналар біздің теңіміз емес екен ғой» дегені батып кеткені.

Бір үйдің жалғыз баласы Келдібек жоғары оқу орнын аман-есен бітіріп, қолына жаялықтай дипломын алып келгені де кеше сияқты еді. Әке-шешесі мұның артынан үлкен сүйеніш – тағы бір баласы өмірге келгендей, барын шашып жарылған. Облыстың шеткі ауданына орналасқан осы бір совхозда сол кезде бұл орынға адам болмай қалды ма, әлде бір жағдайлар себеп болды ма, бірер айдан соң-ақ Келдібек гараж меңгерушісі болып. асығы алшысынын тұра қалған. Алайда жарты жылдан соң-ақ Кеңес Одағы құлап, көп кешікпей-ақ үлкен бұл совхоз ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткені. «Әй мүмкін емес, жиналып та қалар бұрынғыдай» деп есекдәмемен біраз жыл жүріп те қалғаны, нарық заманына түсінбей. Әке-шешесінің жинаған малына үйленіп, сол малдың соңына шығар болған соң, «қой, ауылы құрысын» деп, осы қаланың батыс жағына келіп, айдалада қалған біреудің бос жатқан жерін сатып алып, төрт бөлмелі үйді зорға дегенде бітірген. Келесі жылы әке-шешесі бірінің артынан бірін салып, «жақсылар кетер жаққа» кете барған.

Содан бері көріп келе жатқаны тек азап десең де болады. Жұмыс жоқ. Далбасалап «шабашка» жасайды. Бір байқағаны, құрылысты көбіне көп «әлділер» жүргізетіндей. Мектеп директорынан бастап, «Гороно» дей ме, полиция бастығы дей ме, не керек өңшең «шөпкетышарлар» болып келетін. Еңбекақыларын бөліп-бөліп алып тұратындықтан ба, еш жиылмайды-ау, жиылмады сол дүниеқұрғырың. Сол «шөпкетышардың» бірі құрылысын бітірген бұған ақша қимады-ау, «Осыдан басқа берерім жоқ» деп, ескі «Жигулиін» берген болатын. Өзі тұрып жатқан көшесін шаңдатып, үйіне келген күні қуанғандықтан ұйықтамай да шыққан. «Құдайға шүкір» деген болатын мұнысына да тәубә айтып. Өз ішіп-жегеніне жетпесе де, үлкен ұлын жылына пәленбай ақша төлеп, «сырттай» оқуға да түсірген. Бұл аймаққа өзінің ескі «Жигулиінен» басқа бір машина кіріп-шықпайтынын ойлағанда кейде көкірегі аяқаптай да болатын.

Айналасына қарап, бұған да шүкіршілік айтатыны рас. Анау Мылтықбай кенже қызын киім-кешек таппағандықтан оқуға бере алмай отыр. Кенжалының жүрісі анау – бала-шағасымен Астана ма, Алматы ма асып, жерге бір қар түспей қайтпай. Сонда да жарып отырғаны шамалы. Әлі келін түсіре алмай жүр. Екі баласы да отызға жақындап қалды.

Ә, «бәленің бәрі» осы келін түсіргеннен екен ғой. Үлкені әй-шәйға қарамай, мұнымен де ақылдаспай, алып қашып келген болатын осы келінді. «Көке, оны жақсы көремін. Біреу алып қашып кете ме дегенім ғой...» деп отырған мыңқылдап. Амал жоқ. Соның ақыры, міне, тырнақтап жинаған дүниесімен, зорға дегенде қарызданып-қауғаланып жүріп құдасын шақырған. Обалы не керек, құдасы да, құдағиы да оқыған-тоқыған, көргендері көп болар – мұның әлем-жәлемнен құралған бөлмелерін көрсе де, сыр бермей кетті. Әттең, ана бір «шегірткенің айғырындай» шіңкілдегені бар дүниетанымының астына «бомба» қойып кеткені. Ойбай-ай, ойбай... Осындай күйге түсемін деп ойлады ма екен?

Өзін осыншалық кедейлік жағдайға келтірген сонау Елбасыны, Үкіметімен қоса, одан қалса әлгі жүгермегін аузын толтыра бір боқтап алып, оң жамбасына қарай аунап түсті. Бәрін қойып, ертеңгі іздеп табар «шабашкасын» ойлап кетті. «Ухлеуі» көбейген үстіне көбейіп жатқандай...

auelhan7@mail.ru
XS
SM
MD
LG