Accessibility links

Депутаттарға бола досым ұялды


Қазақстан парламентіндегі электронды дауыс беру нәтижесі. Астана, 12 мамыр 2010 жыл.

Қазақстан парламентіндегі электронды дауыс беру нәтижесі. Астана, 12 мамыр 2010 жыл.

Жексенбі күні отандық телеарналардың бірі үкіметтің шенеуніктерді қысқарту шешіміне байланысты қызықты зерттеу жүргізді. Телеарна "енді депутаттарды да қысқарту керек пе?" деген сауал қояды. Осы сауалды алдымен көпшілік елге қойғанда қатып кетер еді. Ондайда, әрине, мәжілістің мәртебесіне көлеңке түсері хақ.

Партиялық сайлау өткізгелі елдің өз депутатын танудан қалғаны анық. Ал танымал дегендердің өз сайлаушыларын сотқа бергенін естігенде осыларда ес қалмаған ба деп ойларыңыз анық.

Әлгі телеарнаның сауалына депутаттардың берген жауабы да қызық болды. Қызық дегені бер жағы ғана, әйтпесе нағыз масқаралықтың маскарадын тамашалағандай болдық.

Депекеңдердің ешқайсысы да мәжіліс мүшелері санын қысқартуға мүдделі болмай шықты. Олардың берген жауабын естіп, есектен құлап мертіккендей күй кештік. Депутаттардың ешқайсысы да мәжіліс мүшелерінің санын қысқарту үшін заңды өзгерту керек дегенге тіпті емеурін де танытпады.

Осы бағдарламаны көргенде, көптен көріспей кеткен досымның үйінде қонақта отыр едім. Басқасын қайдам, депутаттардың берген жауабына досымның мектепте оқитын баласы күйіп кетті. Сонда әлгі баланың айтқаны: «Папа, мыналар неге депутаттар санын қысқарту үшін алдымен конституцияны өзгерту керек деп жауап бермейді. Конституцияда депутаттардың саны қанша болуы керектігі айтылған емес пе...»

Бала осыны айтып әкесіне бір, маған бір қарады. Депутаттар үшін досым ұялды. Ұялғаны сол - баланың дегеніне жауап таппай қипақтап қалды. Ол досым болғандықтан, менің де жетісіп тұрғаным шамалы еді.

Әлде әлгі телеарна көзі ашық кейбір депутаттың әділ пікірін бермей бүгіп қалды ма екен...

aidynbars@mail.ru

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG