Accessibility links

Алматы. 2007 жыл. Қыс. Бір күні «Алатау» кинотеатрына қарама-қарсы орналасқан үш қабатты үйлердің жанынан өтіп бара жатып, қоқыс төгілетін жерде жатқан, көп-көрім ағаш жақтаулы мына суретті көзім шалып қалды. Бала кезімде суретші болуды армандап, табиғаттың талай суретін салғаным бар. Содан да болар, жол бойында жатқан беймәлім көркем туындының салыну әдісі, композициялық құрылымы бір көргеннен-ақ баурап алды.

Қарлы таулар бейнеленген туындыға сол тұстан өтіп бара жатқан жандардың бірі назар аударса, бірі назар аудармай өз жөндерімен кетіп бара жатқан соң, суреттің шынында да иесі жоқ жетім дүние екенін сездім. «Мүмкін, дәу де болса көркем дүниеден хабары жоқ бір ауқатты адам үйіне су жаңа кілем сатып алып, атасы немесе әжесі қалдырып кеткен, осы бір майлы бояумен салынып, уақыт өте келе түсі оңып, кеуіп-кеберсіп кеткен «картинадан» жеріп, осы жерге әкеліп тастаған шығар» деп ойладым.

Картинаны қолтығыма қысып, үйге әкелдім. Майлы бояумен салынған сурет орнатылған қатырма картон қағаздың артқы бетіне әлдекімнің қолымен «Ж.Шәрденов. «Алатау». 1974 жыл» деп жазылған екен. Ал картонға «Производственный комбинат Художественного фонда СССР г. Подольск» деп мөр басылыпты.

Бірнеше күннен кейін Ә.Қастеев мұражайында сурет көрмесі жиі өтіп тұратын белгілі суретші Жеңісбек Әбдіраманға қоңырау шалдым. Мән-жайды қысқаша түсіндірдім. Жол үстінде келе жатып ойда-жоқта олжалы болғанымды айттым. Келесі күні Жеңісбек үйге келді. Суретті ары-бері айналдырып зер салып ұстап көріп: «Бұл картина ұлы суретші Ж.Шәрденовтің түпнұсқа жұмысы болуы әбден мүмкін. Өз заманында суретші күнкөріс қамымен өзінің талай жұмыстарын кей адамдарға арзанға өткізіп жіберген. Бүгінгі күндері оның жұмыстарын көшіріп салушылар да жыртылып айрылады, – деді. – Сен әзірше бұл суретті біреулерге бере салмай, өзіңде ұстай тұр. Кейін бір реті келгенде Жаңатаймен қоян-қолтық араласқан сарапшы қыл қалам шеберлеріне көрсетейік, бұл картинаның түпнұсқа немесе көшірме дүние еместігін солар тап басып айтады».

Кей күндері күміс түстес ағаш жақтауға орнатылған осынау жұмбақ суретке көз тоқтатып қараған сайын, қиялым шарықтап, ұшан-теңіз әсерге бөленемін де жүремін. Алатаудың қарлы шыңдарын шынтақтап, ақша бұлттармен астасқан көгілдір аспанның тұңғиық жанары мені бір шетсіз-шексіз мәңгілік әлемге жетелеп бара жатқандай болады...

Беткейі қатпар-қатпар Алатаудың,
Сызығындай бейне бір алақанның.
Кімдер тастап кетті екен көзі қиып,
Жол үстіне «тауларын Жаңатайдың».

talap7@mail.ru

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG