Accessibility links

Ағаш түбінде қоян күту


«19 қыркүйек күні Алматыдағы Санжар Аспандияров атындағы медицина университетінің конгресс-холлында өткен қазақ тілін қолдау акциясына ондаған адам қатысты».

Осы хабарды оқып отырып шынымен де ауыр ойға қалдым. Сонда қазақ тілінің мәртебесін биіктетіп, абыройын қолдауға қара орман қазақ жарамай қалды ма, әлде нәтижесіз акциядан шынымен жалықты ма? Әйтеуір келген адамның аздығын, тіл жанашырының қолдаусыз қалуын тек қана биліктің кедергісімен түсіндіруге болмайтыны айдан анық.

«Мемлекеттік тілді қолдау» қоғамдық қозғалысы осымен үш рет осындай акция өткізді: бірінші жолы неше мың адам, екінші жолы неше жүздеген адам қатысқан еді. Ал үшінші жолы ондаған адаммен шектелген. Қазақ тілі үшін күрестің басы да, аяғы да бұл емес. Бірақ осы тіл жанашырларының басы таудай, соңы қылдай күресі ертедегі қытайдың бір қарапайым тәмсіл әңгімесін еске түсіре береді...

Ертеде азаннан кешке дейін өзінің азғана жерін өңдеп, егін егіп, бар ырыздығын жерден алып, адал да машақатты еңбекпен өмір сүріп жүрген шаруа болыпты. Бір күні егініне су салып қойып, ағаш түбінде демалып отырса, бірдеңеден үріккен қоян құйғытқан қалпы шаруа отырған ағашқа кеп соғылып құлап түседі. Есі кете қуанған шаруа семіз ор қоянды алып үйіне қайтады. Үйге келгесін көңіліне сайтан кіріп, төсегінде жатып қиялға батады: «Қаншама жыл азаптанып, күнге күйіп, ыстық-суықта жермен алысқандағы күнім мынау – жаман күркем ғана бар, иінім киімге, қарыным асқа жарымай жүр. Ал орманнан күніне бір қоян ағашқа соғылып, алдыма келсе, оны базарға апарып сатсам... Ой, онда жағдайым күннен күнге жасқармай ма! Ертеңнен бастап жермен алысқанды қойып, ағаш түбінде отырып қоян күтейін» деген бекімге келеді.

Бір рет оңай олжаға кенелген шаруа ағаш түбінде өзі келіп соғылатын қоянын күтеді. Күн өтеді, ай өтеді... қоян жоқ. Бірақ шаруа да сарыла күтуін қоймайды. Әдемі қиял ата кәсібін ұмыттырады. Суарусыз, қараусыз қалған егінін арам шөп басып, төккен тері зая кетеді.

Өмірі жерге байланған шаруаның халы айтпаса да түсінікті. Алғашында адам жинап, ел қолдауына бөленген, соңынан аз адаммен ғана қалған тіл жанашырлары да, өзінің тілі үшін күреспеген, тым болмағанда топтасып сол залдан табылмаған, «қазақ тілін қолдайтын ел бар екен!» деген ой қалдырмаған халық та - еш еңбексіз, күрессіз оңай олжа аңсап, ағаш түбінде қоян күткен ақымақ шаруаны елестетеді де тұрады.

Соңғы кезде елде көз бояушылықпен тіл туралы заң, бағдарлама қабылданса да іс өнбейді. Қайта рухани байлығымызға шектеу қойылып, қысым қатайып жатыр. Ал біз қоғамдағы келеңсіздіктерді үнсіз көмпістікпен қабылдаймыз. Бас бостандығынан айрылғандар өз құқын талап етіп жатқанда «құдай ақырын берсін!» деп отыра береміз. Осындай санасыз сабыр бізді ағаш түбінен қоян күткен ақымақ шаруаға айналдырған сияқты.

Бүкіл ел болып ағаш түбінде қоян күтіп отырмыз, ал өзіміздің қай күні сол қоян сияқты ағашқа соғыларымызды бір Алла біледі...

serikkerey-12@mail.ru
XS
SM
MD
LG