Accessibility links

Ия, қазір заман өзгерді ме, қоғам ба, әлде адам өзгерді ме – өзі де түсінбей де жүр.

Әңгімені басынан бастар болсақ, Келдібектің анау журналистік факультетті толықтай бітірмесе де, бітіруге жақындап қалған үлкен ұлы қай бір күні соның бір «айқайынан» кейін жанына жақындап келіп: «Көке, беталды айқайлай бермеңіз. Жасыңыз алпысқа таянды, шешем екеуің мына жаңа өмірден артта қалдыңыздар. Енді осы үйдің бар тірлігіне араласа бермесеңіз де болады», – демесі бар ма? Қаны басына шапшысын. «Әй не деп оттап отырсың, күшік!» деген көзі аларып. «Көке-ау, мен туғалы жиырма жылдан да асып қалыпты. Қане, не бітірдіңіз – мен есімді білгелі қарауыл едіңіз, әлі сол жолды «мықтап ұстап» келесіз. Қазір заманауи технологиялар келіп жатыр өмірге...» дей ме-ау! «Интернет», «спутниктік байланыс» дей ме-ау! Және осылардан хабарының бар жоғын сұрамасы бар ма? «Шырағым-ау, оларыңа таласым жоқ, білмесем білмейтін шығармын. Ал «билікті маған берің» не?» дейді ғой бұл. Шынымен өз дауысы өзіме бәсең естілгендей ме? Осы кезде көршісінің біреуі қораға кіріп қалып, баласы екеуі де дым білмегендей аспанға қарасқан.

Апақ-сапақта кемпірін жанына мөлитіп қойып, соған діңкілдемей ме:

– Сенің жатырың нашар, болмаса жиырмадан енді асқан бала маған сондай дей ме? Үлкендігім, әкелігім қайда? Сенің тәрбиең бәрі. Отыр ғой Назарбаев, әне, жетпістен асса да, ешкімге билігін бермей, мемлекет те осылайша әр үйден құралады.

Бір кезде шашы қобдыраған кемпірі оған бас салмасы бар ма:

– Назарбаев сенің не теңің-әй. Ол бар адам, бай адам – не жасаса да жарасады, не айтса да жарасады. Тағы да түсемін депті ғой «преуизеттігіне». Түспесе онан арман, менің төркінім деймісің? Қырып бара жатқаның – әлгі бір ай бойы түн баласын үйде өткізбей табатын 20000 теңгең бе сондағы? Табанымнан сарып жүрсем де, таңертеңнен тұрып анау қораңдағы жалғыз сиырыңың сүтін қақтап, көшемен-көше жүріп сатып, сонан күнелтіп отырған жоқпыз ба? Шіренесің кеп, шіренесің! Тап бір біздің аузымыздан ақ майымызды ақтарып отырғандай. Ертең ол балаң үйленемін десе нең бар, қане! «Айдағаның бес ешкі, ысқырығың жер жарып барады» ғой әншейін.

Ойпырмай, осы уақытқа дейін кемпірін момын ба деп санайтын, алайда мына «кеміріп» бара жатқанына қарап, «бүгін бәрі де маған майдан ашқаны несі-ай» деп қояды жан-жағын сипалап:

– Енді сәл шыдасай. Ендігі жылы зейнетке шығасың, содан жырымшалап жинап, бір мәнісі болар?

– О, тоба, зейнетақыға келін алды дегенді естімеппін о заманда бұл заман! Онысы несі-ай, алжиын деген шығарсың сен қарабасқыр! Сонан соң үкіметке бір жылдық стажым жоқ маған 10-15 мыңнан артық не шығады деп отырсың?

«Қой, құрысын» деп, шәйін шала ішіп «жұмысына» кетті. Іші бір ысып, бір суыйтындай ма? Алға басқан аяғы кейін кетіп, жұмысына ілдәләп зорға жеткені. Келе сала ашық аспан астында аузын жыбырлатып кеп есептеп көрмей ме: «Зейнетақыдан ай сайын он-он бес мың теңгеден жиналса, оқуының ақысы бар, онан соң әлгі дипломы бар, сонда үлкенінің өзіне екі жылдық зейнетақысы кетіп қала ма кемпірдің? Үйлену оңай деймісің: қалыңмал, той, құда шақыру... Анаған анау кетсе, мынаған мынау... Ойбай-ау, сонда кемі 5-6 жыл кете ме-ау? Артындағылары тағы бар. Сонда... сонда...»

Сол жақ жағы қысып бара жатқандай ма? «Ойбай, ай-ай» Бір кезде көзі жарқ етіп ашылғандай болғаны: «Ие, ие, енді бір 7-8 жылда мен де зейнетке шығатын екенмін-ау! Мына қарауылдығын ешкім тартып ала қоймас. Оған дейін сиыр да 5-6 рет бұзаулайтын шығар, не көрініпті? Ух! Әй, бірақ, сонда?... Бала 30-ға дейін салақтап бойдақ болып жүре бере ме? Қазір ол балаға жұмыстың да ауылы алыс. «Крыша» онсыз да жоқ. Қап, қырқыншы жылдары туып, анау Теміртауда сонымен бірге шахтада болғанымда ғой... болмаса ФЗУ-да бірге оқып... ең арысы Шамалғанда тумағанымды қарашы! Солай болғанда ғой, сонда...»

Далбасалаған Келдібек өзіне келіп-кетері жоқ тәтті арманның шылауынан шыға алмай да қалды. Ай, ит өмір-ай!

auelhan7@mail.ru

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG