Accessibility links

Назарбаевты отставкаға кетіруге бағытталған референдум туралы жиын өтпейтін болды


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты отставкаға кетіру жөнінде референдум өткізу туралы бастама көтерген оппозициялық күштердің республикалық жиыны өтпейтін болды. Бұл туралы бүгін жиын өтеді деп белгіленген жерден Азаттық тілшісі хабарлады.

Қыркүйектің 25-і күні Алматыда өтеді деп жоспарланған бұл жиынға қажетті кворум жетіспеуі осындай шешім қабылдауға мәжбүр еткенін жеткізді тіркелмеген «Алға» партиясы кеңсесінің жетекшісі Нұрлан Жолдасов.

Оның айтуынша, Ақмола, Атырау, Павлодар және Маңғыстау облыстарынан осы жиынға келген адамдардың саны аз болған. «Сондықтан ұйымдастырушылар делегаттарға жиынды өзгедей тақырыппен өткізуді ұсынып көреді», - деді Нұрлан Жолдасов.

Қазақстанның 1995 жылы қарашаның 2-і күні қабылдаған «Республикалық референдум туралы» конституциялық заңы бойынша, референдум өткізу жөніндегі бастамашыл топты құратын жиынға елдің астанасынан, әр облысынан және республикалық маңызы бар қалалардан кемiнде отыз-отыздан өкiлдер қатысуы керек.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG