Accessibility links

Қытай жауынгерлері 100 грамм ішпейді екен


Мәтібұлақта әскери жаттығуларды бақылап тұрған қазақ сарбазы. 24 қыркүйек 2010 жыл.

Мәтібұлақта әскери жаттығуларды бақылап тұрған қазақ сарбазы. 24 қыркүйек 2010 жыл.

Кеше ғана Жамбыл облысындағы Мәтібұлақ полигонында өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының әскери оқу жаттығу ойындарына Өзбекстаннан бірде бір адам келмеді. Неге дейсіз бе? Білмеймін. Бұл сұрақты өзге әріптестерім осы ұйымның өкілдеріне қойып еді, олар «Біз шақырту жібергенбіз деп» қысқа ғана жауап берді. Мүмкін, өзбектер өз әскерінің қуаты мен шама-шарқын құпия ұстағысы келген шығар. Әлде бұл ұйымның болашағына аса сенбегендіктен әскери жаттығу ойындарына қарулы күштерін әкеліп, ақша шығындағысы келмеді ме? Бұл жағы жұмбақ.

Кешегі бес елдің қорғаныс министрлері тамашалаған әскери ойындарды мен де барып көрдім. Ең алдымен ауаны жарып әуеден ұшақтар, тік ұшақтар өтіп, шартты жаудың қорғанысын бомбылады. Одан соң зымыран кешендері іске қосылды. Артынша танкілер мен жаяу әскер оқты қарша боратты. Негізі деймін де... бұл жаттығу ойындарының атауы «Бейбіт миссия-2010». Баспасөз релизінде оның мақсаты «алда-жалда осы аймақтың бірінде ұлтаралық, діни және өзге де жанжалдар бола қалса, соның бетін қайтаруға бағытталған алдын-ала дайындық» деп жазылған. Апырай, діни, ұлтаралық қақтығысқа осыншама күш жұмсалатын болса... Көзге елестетудің өзі қорқынышты. Одан да «біз ана әскери одаққа балама күш дайындап жатыр едік» дей салмай ма?

Мәтібұлаққа барған бойы қытайдың қарулы күшін көремін деп ойлаған едім. Бірақ олар өзге елдердің әскерінен оқшау болғандықтан, бұл ойым жүзеге аспады. Қытайдың әскері бір төбе, Қазақстан, Ресей, Қырғызстан және Тәжікстанның әскері бір төбе болды. Енді бұдан саяси астар іздегіміз келіп тұрған жоқ. Басшылардың әуел бастағы әскери жоспары осылай болған шығар.

Бірақ қазақ офицерлерінің бірін әңгіме тартып, «қытайдың әскері қалай екен?» деп сұрап едім. Бірден:

– Керемет! – деп жауап қатты.

– Несі керемет – әскери техникасы мықты ма, әлде жауынгерлері күшті ме?

– Біз сияқты жүз грамм ішпейді екен.

– Сендер дайындықтан соң, кешкісін әңгімелесіп, сөйлеспедіңдер ме?

–Жоқ-ей, олардың жүріп-тұратын, жататын жерін қарулы адамдар күзетіп тұрды ғой.

– Әскери дайындықтары ше? Қалай екен?

– Ол жағын білмеймін. Оларда тәртіп күшті екен. Кез-келген бұйрықты орындай береді.

Мәтібұлақтағы екі аптаға созылған әскери жаттығу кезінде қытай әскеріне біздің орталық арналардың журналистері де жолай алмапты. Әріптестерімінң айтуынша, ешкім сұхбат беруге келіспеген. Дайындықтарын, әскери техникасын айтпағанда, қазан-ошақтарын да түсіруге рұқсат бермепті. Әрбір жүріс-тұрысын құпия ұстауға тырысқан. Шамасы, олар бізге сенбейтіні болған ғой. Әйтпесе осыншама сақтықтың қандай қажеті бар еді?

Бұл жолғы сапарымда өзге әріптестерім секілді мен де Қытайдың әскерін бейнетаспаға түсіре алмадым. Полигондағы жаттығу ойындары кезінде «Қытайдың самолеті», «танкісі» және «жаяу әскері» деген сөздерді естідім ғой, бірақ аспанға көтерілген топырақтың кесірінен оларды басқа елдің әскерінен ажырату мүмкін емес еді.

Мүмкін, бізге де өзбектер секілді мұндай жаттығу ойындарына қатысудан бас тарту керек пе еді? Ең болмағанда, әскери мүмкіндігімізді құпияда ұстау үшін. Мәтібұлаққа барғандағы Қытай әскері туралы алған бар ақпаратым – олардың жауынгерлері жүз грамм ішпейді екен. Бұл басқалар үшін қатаң тәртіп, қарулы күш қатарындағы бұзылмауы тиіс ереже болып саналатынын түсінікті. Бірақ біздің, осы жаттығуға қатысқан басқа елдің офицерлері мен жауынгерлері қытайларға аздап ренжігендей көрінді.

Мен әңгімеге тартқан офицер:

– Сволыштар өздерінше болып қалды ғой. Менсінбесе, менсінбесін. Біздің одан бір жеріміз қисайып қалмайды, – деп іштегі ренішін жасырмады.

boltaie@gmail.com

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG