Accessibility links

«Сарыөзен» маркалы темір айдаһар белес-белес бұйра қыраттардың, бұйрат құмды даланың апшысын қуырып, батысты бетке алып зулап келеді. Бір кезде дәурен сүрген жұңғар мемлекетінен соңғы дерек ретінде қалған Жұңғария даласын артқа тастап, Қазақстанды бетке алған темір айдаһар алқына тарсылға басып, Арқаға жеткенше асыққандай.

Терезе сыртында қалып жатқан қазіргі Жұңғария даласындағы сан мыңдаған мұнай құдықтарындағы мұнай сору құрылғылары үздіксіз изеңдеп, сырттай қарағанда әлдебір ұзақ сапарға жол тартқан ежелгі көшпенділердің ұзын-сонар керуеніндегі шудасын желкілдетіп, еңкеңдей желген түйелерге ұқсағанмен, анығы мүлдем басқа – қара жердің қанын сорып жатқан темір «түйелер» бұлар.

Бұл құмды байтақ дала кейін жұңғар атымен Жұңғария делініп, сонау тарих қойнауына кеткенмен, сол жердің тарихи иесі қазақтардың санасында Құбының құмы деп аталады. Құбының құмы деп қай кезде аталғанын бір құдай білсін, бірақ қазіргі Жұңғария даласында саны азайып, тұқымы құруға айналған кер құландарды бір кезде құбы дегенін, сол керқұландарға мекен болған осы шөлейт кең сахара Құбының даласы (Құбының құмы) атанғанын көне көз қариялар айтатын. Ал бұл күнде сол Құбының құмынан кер құландардың да, сан ғасырдан бері тірлік кешкен керқұландай жүйрік даланың сері халқы – менің бабаларымның да ізі өшіп барады.

Алып айдаһар Құбының құмын белінен қия, батысты бетке алып зымырап келеді шығыстан. Бұл темір айдаһардың ішіндегі кешегі тұқымы құруға айналған кер құландай болған жергілікті халықтың ұрпағы емес, сол даланы басып алған шығыстың қысық көз қаралары ду-думен келесі жаңа мекеніне асығады.

Арда Алтайдың алабын, Орхон мен Селенгі бойын мекен еткен кешегі батыр балаларым осы Құбының даласын белден басып, қаңқалы алып ағаш арбаларын сүйретіп, сауыттары сатырлап, үзеңгісі тасқа тиіп дыңылдап, астындағы тарпаң айғыр ауыздықпен алысып, батыстан шығысқа қанша жорық жасағанына тек мынау Құбы куә! Мынау көк аспан, қара жер куә! Сол ер бабаларымннан қорыққан айдаһар елі қорған соғып, тастан пана, тәңірінен дауа сұрамады ма? Бүгіндері сол ерлердің ұрпағы батысты бетке алып қашып келеді, зулап келеді.

Өткенге ой салсаң, тарих қайталанатын сияқты. Сол ғана жүрекке үміт ұялатады. Өткен бабаларымдай шығысқа жорық ашып, ондағы елге қорған соққызып, Сарыөзенді кешіп өтейін деген ой менде жоқ.

Қашан Құбы даласының құбыдай тозған жергілікті иесі өз жеріне ат тұяғын тигізіп, Үліңгір мен Ертістің басынан аттарын суарар екен?!

serikkerey-12@mail.ru

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG