Accessibility links

Досқалиев 9 миллион доллардан аса қаржы жымқырды деп айыпталып отыр


Қазақстан денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев 1,4 миллиард теңге (шамамен 9,4 миллион доллар) жымқырды деп айыпталып отыр. Бұл туралы бүгін Қаржы полициясының ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлімдеді.

Оның сөзінше, 2003 жылы Қазақ мемлекеттік медициналық академиясына 2,5 гектар жер бөлінген. 2005-2006 жылдары Досқалиев білім ордасының ректоры болған кезде өзінің досы, "Астана КПТ" серіктестігінің директоры Кенжин деген азаматпен келісімге отырған. Келісім бойынша академияға тиесілі учаскіде екі тұрғын үй құрылысы салынған.

"Досқалиевтің сенімхатының негізінде Кенжин пәтерлерді академияға еш қатысы жоқ, жеке тұлғаларға сатып, 1,4 миллиард теңге табыс тапқан" - деді Мұрат Жұманбай.

Бұдан бұрын хабарланғандай, қаржы полициясы қыркүйектің 21 күні Жақсылық Досқалиевке қатысты қылмыстық іс қозғады. Министрге қызметін асыра пайдаланған деген айып тағылған.

Қыркүйектің 27-сінен бері Досқалиев Астандағы клиникалық ауруханының жансақтау бөлімінде жатыр. Анықталмаған ақпараттарға қарағанда оның денсаулығы ауыр.

XS
SM
MD
LG