Accessibility links

«Қызылжар» атауына қарсылар сары шүберек тағып жүр


Cары лента - қала атауын ауыстыруға қарсылық белгісі. Петропавловск, 29 қыркүйек 2010 жыл.

Cары лента - қала атауын ауыстыруға қарсылық белгісі. Петропавловск, 29 қыркүйек 2010 жыл.

Петропавлда қала атауын ауыстыруға қарсылар көбейді. Мәселе баспасөз бетінен шығып, көшелерде көрініс бере бастады. Қала атының қазақшалануына қарсылар көліктеріне, сөмкелеріне, балкондарына, тіпті, киімдеріне дейін сары түсті шүберек байлап алған.

Бәрі де Мәжіліс депутаты Жарасбай Сүлейменовтің Петропавл қаласының атауын өзгерту туралы премьер-министрге жолдаған депутаттық сауалынан басталған еді.

Іле-шала Петропавл қалалық мәслихатының депутаттары жабық жағдайда отырыс өткізіп, бір ауыздан қала атауын өзгертуге қарсы шешім қабылдады. Қалалық мәслихаттың депутаты, қалалық ономастикалық комиссияның мүшесі Жангелді Тәжин елді-мекендердің атауын өзгерту мәселелері қазіргі заңнамаға сәйкес тиісті аумақ тұрғындарының пікірлерін ескере отырып қаралатындығын атап өтті.

Мәслихат мүшелерінің пайымынша, бұл мәселе мәжілісте көтерілмес бұрын қалалық мәслихаттың назарына ұсынылмады. Тиісінше, қалалықтардың қоғамдық пікірі зерттелген жоқ және бұл мәселе ешбір жерде талқыланбаған. Жарасбай Сүлейменовтың бастамасы оның жеке ұстанымы болып табылатын көрінеді.
Көлікке тағылған сары лентаның бірі. Петропавл,
29 қыркүйек 2010 жыл.

Жиыннан кейінгі ресми хабарламада осылай делінген.

Содан кейін-ақ бір қаланың тұрғындары «петропавлдықтар» және «қызылжарлықтар» болып екіге жарылды.

Қалада әртүрлі сауалнамалар өткізіліп, қала атауына қатысты халықтың пікірі де берілуде. Сол сауалнамалардың кейбіріне қарап отырсаңыз, қаланың атауын ауыстыруға қарсылар тым көп көрінеді. Мысалы, облыстық қоғамдық-сұхбаттасу клубының www.odk.kz сайтында "Петропавл" атауын жақтаушылар - 66, ал "Қызылжарды" қолдаушылар - 28 пайыз деп көрсетілген. Бірақ бұл халықтың көзқарасын нақты білдіреді деуге сену қиын.

Информатика пәнінің мұғалімі Данияр Уәлиев былай дейді: «www.odk.kz сайтындағы пікірлер халықтың нақты көзқарасын білдірмейді. Себебі, ол сайтқа қалаған адамның кіріп, дауыс беруіне мүмкіндік жоқ. Модераторға хат жазып, тіркеуін өтінуің қажет».

Бұл - тіркеуді өтінгендердің бәрін тізу-тізбеу модератордың қолында деген сөз.

«ӘУЛИЕЛЕР ҚАЛАНЫ ҚАНТӨГІСТЕРДЕН САҚТАП КЕЛЕ ЖАТЫР»

Қалалық «Петропавловск.kz» газетінің бас редакторы Екатерина Назаренко қаланың атауы Петропавл болып қалғанын қалайды.

– Мен қаланың атауын өзгертуге мүлдем қарсымын. Қала атауында әулие Петр мен Павелдің аттары сақталып қалса екен деймін. Дәл осы әулиелер біздің қаланы түрлі қантөгістерден сақтап келе жатыр ғой. Петропавл қамалының зеңбіректері бірде-бір рет оқ атқан жоқ. Газетімнің атауы «Петропавловск.kz». Бұдан да бір сәйкестік табамын. Интернетте адамдар бейбіт наразылық белгісі ретінде сары лента тағып алуды ұсынды. Мен сары лентаны сумкама, галстук етіп мойныма байлап алдым, - дейді Екатерина Назаренко «Азаттық» радиосына.

Ал Елена Мумрикяйте сары лента тақпаса да, қала атауын ауыстыруға қарсы екенін білдірді. Ол келіншек қала атауы өзгерсе, өз ұлтының өкілдері жаппай Ресейге қарай ойысады деген қорқынышымен бөлісті.

– Қазірдің өзінде таныстарым әр түрлі ойға беріліп жүр. Өйткені орта жастан асқан біз үшін қазір қазақ тілін меңгеру қиын, әсіресе грамматикасы ауыр тиеді. Бірақ балаларым қазақ тілін жетік меңгерген. Сондықтан өзім жұмыссыз қалсам, олардың мені асырай алатын қауқары бар. Дегенмен, облыстың атауын өзгертсе де, қала атауын осы қалпында қалдырса екен деймін, - деп ой бөлісті «Азаттық» радиосының тілшісімен Елена Мумрикяйте.

«ПРАВДА» ГАЗЕТІНДЕ «ПЕТРОПАВЛДЫҢ» «ҚЫЗЫЛЖАР» БОЛЫП ӨЗГЕРГЕНІ ТУРАЛЫ ХАБАР ЖАРИЯЛАНҒАН»

Ал Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының төрағасы Кәрібай Мұсырман «Петропавлды» «Қызылжар» деп атауға әлі ерте деп санайды.

– Мәжіліс депутаттары сауал жолдаған премьер-министрдің ондай құзыреті жоқ. Сондықтан оған ресми сауал жолдап, буынсыз жерге пышақ ұрғанша, парламент мүшелері «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңына өзгеріс енгізіп, ономастиканың осындай күрмеуі қиын түйіндерін төменнен емес, жоғарыдан шешуді заңдастырып алулары керек, - дейді Кәрібай Мұсырман.

Бұл жайында ғалым Зарқын Тайшыбайдың пікірі мынандай:

– Бұл атам заманнан бері Қызылжар аталып келе жатыр. Өзге облыстардағы, тіпті, шет елдердегі қазақтардың өзі Қызылжар деп атайды. Демек, «ауыстыруға ерте» немесе «бұл – тарихи тұрғыда дәлелденбеген» деген бос сөз. Тіпті, 1925 жылдан астанамыз Қызылордадан үкімет орындарынан жолданған хаттар «Қызылжар қаласы», «город Кзылджар» деп жазыла бастады. Бұрынғы «Петропавловск» деген орысша атауы тоқтатылған. «Правда» газетінде Петропавлдың «Қызылжар» болып өзгергені туралы хабар жарияланғаны мәлім болып отыр. Бұл шешімнің неге орындалмай қалғанын Голощекиннің «Кіші октябрь» революциясымен ғана түсіндіруге болатын шығар. Осы кезде аса көрнекті мемлекет қайраткері, Алаштың жас көсемдерінің бірі Смағұл Сәдуақасов Халық ағарту комиссары қызметін атқарған. Ал елді-мекендердің атауларын ретке келтіретін комиссия, терминология комиссиясы да осы мекеменің құзырында болатын, - дейді Зарқын Тайшыбай.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG