Accessibility links

Басқа құрлықтағы қорқаулар… яғни қорқау қасқырлар туралы «Хайуанаттар әлемі» бағдарламасынан көп көреміз.

Азық іздеп аласұрған топты қорқау тұмсықтарын әлсін-әлсін көтеріп, ен даланы кезіп безіп келеді. Олардың иіс сезу мүшесі керемет дамыған. Қайда жемтік, арам олжа болса, соны неше шақырымнан-ақ сезіп, бағытын солай бұрар еді.

Қорқаулар өздері тірі аңды қуып арамтер болмайды. Бірақ әлдебіреудің қызыл қан, қара терімен тапқан олжасын тартып алуға келгенде олардың ұйымшылдығын, бір-біріне бауырмалдығын айтпа! Жан-жақтан қаумалап, арыстанның аузындағы асын да алып кетеді.

Қарсы жақтың олжасын тартып аламыз деп жүргенде кей қорқаулар жараланып қалады. Бірақ қызды-қызды шабуыл кезінде басқа қорқаулар оны байқай қоймайды. Тек олжа бөлісі аяқталып, енді естерін жинағанда қорқаулардың мұрнына енді өз серіктерінің қан иісі келеді. Сол кезде жемтікке деген жеңсік туысқандықты, серіктестікті... бәрін ұмыттырады. Ұмытады да қан иісі бұрқыраған өз бауырларына ұмтылады. Сәлден соң сайыс орнында қандастарының шашылған жүні, түкке жарамас тері-терсегі ғана қалады...

Осыны көрген сайын көз алдыма қазақ даласындағы соңғы бір ғасырдан бергі көріністер елес береді.

ХХ ғасырмен бірге басталған азамат соғысы, аштық, 1937 жылғы қуғын-сүргіннен бері қарай бүгінгі «сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру» деп аталатын науқанға дейін біздің қазақтың арасына дәл осы қорқау қасқырдай тек өз-өзін талап, бірін-бірі жейтін қорқаулық мінез белең алып, бел көрсетіп келеді.

Әрине, қорқауды мысал қылғанда ешбір жемқорды ақтап алайық деп отырған жоқпыз. «Неге екі-үш үй алып қойған өзімізге ғана шамамыз жетеді де, тікұшаққа ақшасын тиеп алып қашып кеткен, қазір шетелде миллиардер болып отырған өзгелерден айрылып қала береміз?» деп ойлаймыз да.

Қазақ даласын өз етін өзі жейтін қорқаулардың емес, қасиетті көкбөрілердің мекені еді. Сол қасиетті көкбөрілердің мекенінде өмір сүрген бүгінгі қазақта «қасқыр да қас қылмайды жолдасына» деген қағида жоқ. Өзгеге тіс батыра алмайтын, өзімізге-өзіміз қақпан құрып қан жұтқызатын, астындағы тақ пен басындағы бо... бақты қымбат көретін қорқаулық үстемдік құрып жатыр.

Қайран көкбөрілер мекені! Қайран бабаларым тәңір тұтқан көкбөрілер мен көкбөрілік рух! Сен қайда кеттің?!

serikkerey-12@mail.ru

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG