Accessibility links

Мәскеуде Жақияновтың бұрынғы орынбасары тұтқындалды


Мәскеуде Ресей сәулетшілері одағының істерін басқарушы, Павлодар облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Александр Кошевой тұтқындалды, деп хабарлады ресейлік «Коммерсантъ» газетін сілтеген ҚазТАГ агенттігі.

Хабарға сәйкес, Кошевой өзіне Қазақстанда тағылған айыптың негізінде Пресненский аудандық сотының үкімімен тұтқындалған.

Бұрын Павлодар облысының әкімі Ғалымжан Жақияновтың орынбасары болған оған 2002 жылы қызмет бабын асыра пайдаланды деген айып тағылды. Тергеу кезінде Кошевой Ресейге көшіп үлгеріпті. Алғашқыда Қазақстанда оған іздеу жарияланып, оның Ресей азаматтығын алуына байланысты іздеу доғарылған.

2006 жылы сот оған азаматтық заңсыз берілді деген шешім қабылдады.

Оның адвокаты Сергей Бровченко Кошевойды Ресей азаматтығынан негізсіз айырды және Қазақстанда Кошевойды қудалаудың саяси астары бар деп санайды.

"Кошевойдың проблемасы, - дейді адвокат, - Павлодар облысының бұрынғы әкімі Ғалымжан Жақиянов пен БТА банктің бұрынғы төрағасы Мұхтар Әбіләзов «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысын құруынан кейін басталды."

Жақиянов пен Әбіләзов түрлі айыппен ұзақ жылдарға сотталды. Қазір Жақиянов Қытайда, ал Әбіләзов Лондонда тұрады.

Адвокат Бровченконың пікірінше, қазақ билігі Кошевой оппозиция көсемдерін қаралайтын мәліметтер береді деп үміттенеді.

Бірақ ол Қазақстанда Кошевойдан «қажетті жауап алу үшін оны азаптауы мүмкін» деп алаңдайды. Оған егде жастағы кісінің шыдай алмауы әбден мүмкін.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG