Accessibility links

Жұлдыздар арасындағы жол


Мимырт тірліктің соққысына төзе алмай есеңгіреп қалғаным қашан! Тек бүгін ғана есімді жиып жан-жағыма қарасам, төрт төңіректің бәрі – самсаған самаладай биік ғимараттар, сол ғимараттарда жымыңдаған сан түрлі жарық жұлдыздар. «Тәңірім-ау, аспандағы жұлдыздардың бәрі жерге түсіп алған ба?!» деп, жан-жағыма аласұрамын. Көзім жарық жұлдыздардың сәулесінен қарығып төмен қарадым. Есімді жиып, жарықты көрмегеніме қанша жыл – оны өзім де білмеймін. Еміс-еміс өткен өмір елесім де таң атар алдындағы жұлдыз сәулесіндей өшкін нұрын шашып, өшіп бара жатқандай болды.

Иә, ол кез бұл қала Астана емес, Ақмола деп аталатын сияқты еді. Даладан қалаға ағылған көп қазақтың бірі ретінде нәсіп іздеп осы тас қалаға жүректе жалын, көзде от жанып келген едім. Осында тірлік қылып, ел қатарлы еңбек етіп, жар құшып, бала сүйдім. Бірақ бұл күн алысқа бармады. Апай-төпей заман басталды да жұмыссыз далада қалдым. Содан ес жия алмадым, не болғанымды да білмеймін.

Ес жиғасын жылы жанұя, ажарлы жар еске түседі ғой. Жан-дәрмен сенделектей басып, бұрын өзім тұратын көшеге тарттым. Келе жатырмын. Алдымен көзіме көрші Кимнің үйі түсті. Бұрынғы қара мұржалы, сықырлаған ағаш қақпалы Кимнің үйі жоқ. Ағаштың орнында – алтын түстес сырмен сырланған, хан дарбазасындай алтын қақпа. Ар жағында – төрт қабатты сәнді сарай... айтып ауыз, бейнелеп тіл жетпейтін бау-бақша. Бұрын осы опырық шал қала аралап, бөтелке жинап, мыжырайып жүруші еді. Мен ішкен сыраның құмырасына телміріп талай тұрған жаутаңдап. Қалай, қашан осыншама байлыққа ие болғанына таңғалдым.

Көршімді өзімсініп, тілдесейін деп алтын қақпаны ақырын қағып қалып едім, ар жағынан аюдай қара төбет арсылдап, аласұра атылып келіп қақпаға ұрылды. Шынжырын сартылдатып, дәл менде бір алынбаған құны бардай екі көзі қанталап, ашулана арсылдай ұмтылады. Тіпті, осы дәуің қара күшік кезіндегі бейшаралығын, мен мас болып келе жатқанда... жаутаңдап аузыма қарайтын бейшара қалпын мүлде ұмытқан. Мүлде ондай тағдыр кешпегендей арсылдап алға ұмтылады.

Иттен қорқақтай шегініп, үйіме бет алдым. Ғажап! Менің бұрынғы қараша үйімнің орнына зәулім ғимарат салынған! «Жарым қайда екен?» деп жан-жағыма жалтақтап келем. Шықты-ау ақыры жарқ етіп! «Жаным-ау!» деп тұра жүгірдім. Енді құша бергенімде әйелім шыңғырып жіберіп: «Хутау, құтқар!» деп айғай салды. Кенет желкемнен әлдебір қарымды қол бүре ұстап, түре лақтырды. Шаң қаба құлап жатып лақтырған адамға қарадым. Әттең... Месқарын, қысық көз біреу. Қытай сияқты. Тар төсекте табысқан жарым қашан жаттың құшағында кеткен?!

Есімді енді шын жинадым. Төңірек – қараңғы түн. Бірақ көз қарықтырар жарықтар айналамды көрсетпейді. Аласұра алға ұмтыламын келіп. Өзім еңбек етіп, тер төккен қаладан таныс жан, жылы леп іздеймін. Бірақ қала сондай жат, сондай суық.

Артыма қарасам – қараңғылықтта маужырап жатқан Сарыарқа. Алдымда – самаладай самсаған ғимараттардың сансыз шырақтары нұрын шашқан жұлдыздар әлемі. Аспанда – сан мыңдаған жұлдыз бір өшіп, бір жанып, жымың қағады.

Жердегі жұлдыздар мен көктегі жұлдыздар арасында жарық нұрға малынған жол жатыр. Онда шамдары жарқыраған қымбат машиналар, жұлдызы жанған адамдар легі ағылады.

Мен жұлдыздар арасындағы сол жолда жүре алар ма екенмін?!

serikkerey-12@mail.ru
XS
SM
MD
LG