Accessibility links

Әр есті пендедің әрдайым жанына тыныштық іздеп, жаратушысына жақындағысы келетіні, жүрегіне сенім ұялатып, тәңірін тануға талпынатыны әмбеге аян.

Міне, Астана қаласын мекен етіп, нәсібін тауып жатқан қара көздер сан қиянға сандалтып, бірде сыртын, бірде ішін берген өмірді, құрғақ уәде, арзан серт берген сайқал саясатты, тірліктің бір мезеттік күйбеңі мен азабын ұмытып, Алланың ақ жолына бір қадам болса да жақындағысы келеді. Жұма күндері мешітке барып, жаратушысын танығысы келеді. Шариғат естіп, ортайған жүрек ілімін толтырып, жанына демеу, көңілге медеу іздейді.

Ал Алланың үйінде айтылар әңгіме қазір басқаша болып барады. Келген жасқа алдымен оның тән қалауын тәрк еткізіп, жан қалауын жарық еткізер имани уағыз айтылмайды. Телеарналар азаннан кешке дейін мың қайталап, миды шіріткен саяси насихат Алланың үйінде тағы қайталанады:

– Еліміз Елбасының абзал саясатының арқасында ЕҚЫҰ төрағасы болып, мәртебесі асқақтап, бізді бүкіл дүние танып жатыр...

– Енді желтоқсан айында Астанамызда өтетін ЕҚЫҰ саммиті бізді әлемге танытатын болды...

– Еліміз экономикасы қаржылық дағдарыста сүрінбей, алға дамып келеді...

– Келесі жылы Ислам конференциясы ұйымына төраға болғалы жатырмыз...

Қазір қай мешітке барсаң да – саяси үгіт-насихат. Жаныңа тыныштық беріп, құдайды тануыңа орай жаратар, асыл діннің қасиетін танытып, табиғатын ұқтырар, өзін Алланың хақ жолына ғана арнаған, саясаттан ада имам көрінбейді. Бәрі де – экономист, саясаткер... Өткінші өмірдің ырду-дырдуын, даңғаза тірліктегі баянсыз жиналыс пен арзан атақ-даңқты мақтауға көшкен.

Елдің жеткен жетістігі, шыққан биігі туралы мақтауды басқа жерде де айтып, ұрандатып жатқан жоқпыз ба! Жұрт мешітке Алладан медет, пайғамбардан шапағат тілеп, екі дүниеде жанға тыныштық, жүрекке иман ұялататын шариғат есту үшін келеді. Құлшылық қылатын қасиетті үйдің арзан мақтау, жылымшы мадақ. саяси үгіт, сарпалдаң саясат айтылатын холлдарға айналып бара жатқаны жанға мұң, жүрекке жүк артады екен...

serikkerey-12@mail.ru

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG