Accessibility links

Қайыршыға бес мың теңгемді қимадым


Кабул көшесінде қайыр сұрап жүрген кішкентай қыз. Ауғанстан, 8 қыркүйек 2008 жыл. Көрнекі сурет

Кабул көшесінде қайыр сұрап жүрген кішкентай қыз. Ауғанстан, 8 қыркүйек 2008 жыл. Көрнекі сурет

Көздері мөлдіреген кішкентай баланы аяй ма, әлде киімі тозған, бұл қоғамнан және бүгінгі өмірінен әбден шаршағаны бет жүзінен байқалып тұрған әйелдің өзіне жаны аши ма – әйтеуір жүргізушілердің көбі алақанын жайған келіншекке ақша ұстатып жатады. Осы көріністі көрген сайын, біртүрлі болып қалатынмын.

Күндердің күнінде әлгі келіншек менің қасыма келіп, қолын созды. Сол сәтте құшағындағы баласына көзім түсті. Ол да анасының бұл өмірде жолы болмай, шарасыздық танытып жүргенін сезетіндей. Дереу әмиянымды ақтара бастадым. Ішінде бүтін бес мың теңгеден басқа ақша қалмапты. Сіздерді де, өзімді де алдамай-ақ қояйын: әлгі ақшаны бере салуға қимадым. Әмиянымдағы жалғыз бес мың теңгеге келіншектің де көзі түсті. Ол да менің жомарттық танытып, бере салмайтынымды түсінген болар.

– Кешіріңіз келесі жолы берейін, – дедім. Ол әйел:

– Ренжімеңіз, – деп қысқа жауап берді де, менің артымда тұрған көліктерге қарай жүріп кетті.

«Әшейінде қалтамды тесіп кете жаздайтын ауыр тиындардың осындай кезде табылмай қалғанын қарашы» деп, өз-өзіме жыным келді.

Одан соң әлгі қайыршыға ақша беріп кетудің сәті түспей қойды. Екі көшенінің қиылысына келіп тоқтағанда, қалтамды ақтаратын әдет пайда болды. Жұмысқа бара жатқанда да, қайтып келе жатқанда да қайыр тілеп жүрген балалы әйелді көріп қаламын. Сақырлаған тиындарымның барлығын әлгі әйелге ұстатып кетейін деп қанша оқталсам да, реті болмады. Бірде оларды алыстан көремін, енді бірде менің көлігіме жақындап қалған сәтте бағдаршамның көк түсі жанып, жүріп кетемін.

Бір күні бес жасар қызым:

– Папа, олар неге көшеде ақша сұрап жүр? – деп сұрады.

– Жұмыстары жоқ, ақшалары жоқ, сосын сұрап жүр ғой, балам, – деп жауап бердім.

– Сонда олардың папалары қайда? – деді қызым.

– Папалары ма? Папалары алыста шығар...

«Осыдан байып кетсем, әлгі қайыршы әйелге бір көмек берер едім» деп ойладым.

Жақында жұмысқа келіп интернетті қоссам, әлдебіреулерден «Құрметті Ермек, сіз 500 мың доллар ұтып алдыңыз» деген хат келіпті. Спам дегенді білесіздер. Хатты соңына дейін оқымай жауып қойдым. Солай етсем де, 500 мың доллар ойымнан кетпей қойды. Мұншама көп ақшаны тек телевизордан болмаса, өмірімде көрген емеспін. Сөйтіп оны көз алдыма елестетіп байқадым. Шіркін-ай, шынымен де маған біреу келіп 500 мың долларды бере салса. Алматыдан зәулім үй салдырып, әке-шешемді көшіріп алар едім. Бұл ойымды жүзеге асыруға, ары кетсе, 200 мың доллар жұмсалатын шығар. Әкемнің сүйегін сүйретіп жүрген ескі машинасын інілерінің біріне беріп, оған 30 мыңға жақсы джип алып берер едім. «Алматыдағы балам сыйлап еді» деп құрдастарына мақтанып жүрер еді. Айтпақшы, қайын атам бар екен ғой. Оған да немістің ескі машинасын сыйламасаң, ұят болар.

Ауыл шаруашылығы саласымен айналыссақ деген әкем екеуміздің арманымыз бар еді. Өзіміздің ойымыздағыдай болу үшін үйден, машиналардан қалған ақша жетіп қалады. Осылайша болмайтын нәрсені қиялдап отырғанымда, қайдан екені белгісіз, Шаляпин мен Саин көшелерінің қиылысында қайыр тілеп жүрген балалы әйел есіме түсіп кетті. Апырай, менің қиялыма әлгі қайыршы неге сыймай қалды екен? Соның алдында ғана «ақшам болса, сол кісіге көмектесер едім» деп ойлаған жоқпын ба?

Мен енді түсіндім! Бүгінгі билік басындағы шенеуніктерді де түсіндім. Сөйтсем олар да өзіміз секілді пенде екен. Олардың да орындалмай жатқан армандары көп. Сол армандары ертерек жүзеге асса екен деп тілейік. Сол кезде ғана өзгерістер болар. Тек ғарыштағы өзге планеталардың бірінде тіршілік көзі табылып, ол жақ та адамдардың өмір сүруіне қолайлы екен деген жаңалық бір жерден жарқ ете қаламаса болды.

Әлгі баласын көтеріп жүрген келіншек соңғы кездері көрінбей кетті. Шамасы, мейірімді қазақтар тұратын ауданға кеткен болар.

boltaie@gmail.com

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG