Accessibility links

Жаңаөзенде «Өзенмұнайгаз» кәсіпорны жұмысшылары ереуілдеп жатыр


Қазанның 21-і күні кешке Жаңаөзенде «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалының жұмысшылары автобекетке жиналып, екінші ауысымға жұмысқа шығудан бас тартқаны туралы Азаттық тілшісі хабарлады.

Мұнайшылар «биыл жазда ереуілге шыққанымыз үшін бізді қудалауды тоқтатуын талап етеміз» деп отыр. Олардың айтуынша, бейсенбі күні таңертеңгі сағат 9-да арнаулы техникаларымен жұмысқа кетіп бара жатқан бірнеше жүргізушіні «ішімдік ішкен-ішпегенін тексереміз» деп тоқтатқан жол полициясы қызметкерлері олардың бірін «қалтасынан есірткі табылды» деп қамап қойған.

– Мен қалалық ішкі істер басқармасында болып олармен сөйлесіп, түсініктемесін оқыдым. Жол полициясындағы тексеруден кейін таңертеңгі сағат 10-дарда көлігіне қайта оралған Қощанов Тағанның ілулі тұрған жұмыс киімінің төсқалтасынан полицейлер сіріңке қорабын шығарып, ішінен есірткі тапқан. Бірден оны тергеу бөліміне алып кеткен, – деді кәсіпорын жұмысшысы Естай Қарашаев Азаттық тілшісіне.

Жұмысшылар полиция ұстаған адамға жала жауып отыр деп санайды, мұны «биыл көктемдегі ереуіл үшін жазалау» деп бағалайды.

Бейсенбі күні ереуіл бастаған жұмысшыларға «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалының басшысы Киікбай Ешманов пен Жаңаөзен қаласының прокуроры келіп оларды жұмысқа шығуға шақырған. Бірақ мұнайшылар талаптары орындалмайынша жұмысқа шығудан бас тартқан.

«Өзенмұнайгаз» кәсіпорыны мен Жаңаөзен полициясы әзірге бұл оқиғаға қатысты ешқандай түсінік бермей отыр.

Естай Қарашаевтың айтуынша, қазір Жаңаөзендегі автобекет алдында бірнеше жүз жұмысшы жиналып тұр.
XS
SM
MD
LG