Accessibility links

Боратстанға қош келдіңіздер!


«Борат» фильмінде бас кейіпкерді сомдаған актер Саша Барон Коэн. Лиссабон, 3 қараша 2005 жыл.

«Борат» фильмінде бас кейіпкерді сомдаған актер Саша Барон Коэн. Лиссабон, 3 қараша 2005 жыл.

Себебі, Бағдаттың мұхит асуына қандай жағдай әсер еткенін түсінгім келді. Сіздер маған ұрыспаңыздар. Шынын айтсам, бұл кісінің елден не себепті қашқанын сол бойы түсіне алмадым. Кейбір кезде оны өзі де түсінбей жүрген шығар деген ой келеді маған.

Өйткені көпшілікке белгісіз қозғалыс, оның елеусіз жетекшісінің табан астында Америкаға кетіп, ол жақтың билігінен саяси баспана сұрауына нақты бір жағдай әсер ету керек қой. Егер де оның мұндай қадам жасауына шын мәнінде де ҰҚК қызметкерлері мәжбүрлесе, қызмет бабын асыра пайдаланды деп оларды заң алдында жауапқа тарту керек шығар.

Өзімен-өзі елеусіз жүрген адамда олардың нелері бар? Ол Ермек Нарымбаев сияқты Назарбаевқа биліктен кет деп ашық айтса, немесе шетелде жүрген басқа да саясаткерлер секілді Ұлт көшбасшысымен жеке басының араздығы болса, онда әңгіме басқа. Бүгінгі режим өзіне ашық қарсы шыққандарды және бизнесін бөліспегендерді жақтырмайды. Ал билікке зияны да, пайдасы да жоқ адамға не себепті ҰҚК-нің шүйліккенін түсінбей отырмын. Әлде олардың басқа істейтін жұмыстары жоқ па?

Осыдан бірнеше жыл бұрын биліктің рұқсатымен Алматыдағы «Сарыарқа» кинотеатрының артында Шаңырақ тұрғындарының жер мәселесіне байланысты митинг өткізді. Осы жиында сөз алғандардың басым бөлігі жаңадан құрылған Алатау ауданының әкімшілігін, ол ауданның жаңа әкімін сынаған еді. Шамалы уақыттан соң ортаға бір кісі шығып, өзінен бұрын сөйлегендердің сөздерін жоққа шығаруға тырысты. Ол кезде сөйлеп тұрған Бағдат Әріп екенін мен қайдан білейін. Халықтың пікірімен келіспей тұрған әкімшілік қызметкерлерінің бірі шығар деп ойладым. Алатау ауданының әкімі туралы небір жылы сөздер айтып еді сол кезде.

Осы митингіден соң Бағдат Әріп деген адамның бар екенін, оның «Ел болашағы» деген қозғалысқа жетекшілік ететінін білдім. Әлгі жиыннан кейін Бәкеңді көрген де, естіген де емеспін. Жақында ғана елден қашуға мәжбүр болдым деген сұхбатын оқығанымда, жағамды ұстадым. Мен, негізі, көп таңғалмайтын адаммын. Осы жолы таңғалғаным соншалық, сөзбен айтып жеткізе алмаймын.

Интернетте коммент жазатындардың кейбірі Қазақстанды Боратстан деп атайды. Айдаладағы сайқымазаққа бізді неге теңей береді деп ашуым келуші еді. Сөйтсем, ол кезде мен де Боратстанда тұрып жатқанымды түсінбей жүріппін ғой. Біздің елдің тарихында шетелде жүріп саяси күрес жүргізгендер бар. Бұл өткен ғасырдың басындағы оқиға. Сосын қайынатасымен ұрысқан, бизнесінен айырылғандар, жеке өмірлеріне қауіп төнген соң амалсыз кетуге мәжбүр болғандар бар. Одан соң диссидент болуды армандап, тарихта атын қалдыруды ойлап, әлдебіреулерге еліктеп, бекерден-бекер елден кетіп қана қоймай, қашуға мәжбүр болдым деп айтатындар бар. Енді шетелден келген қонақтарға «Боратстанға қош келдіңіздер!» деп ұялмай ақ айта берейік.

Бағдат Әріптің сұхбатына пікір білдіргендер аз болған жоқ. Бірі оны жақтаса, бірі мазақ қылды. Солардың ішінде Амантай деген адамның «Көп сөзді қойып, далбасаламай елге қайт. Сенсіз де қазақты масқаралап жүргендер жеткілікті» деген сөзі бір түрлі әсер етті... Сосын орынды айтылған сөз деген тоқтамға келдім. Шынымен де Бораттың екінші туындысына сценарий жазылмай тұрғанда Бәкеңді елге қайтарайық.

boltaie@gmail.com

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG