Accessibility links

Полигонға берілетін пара


1961 жылы қазанның 30-ы күні Совет Одағы Дегелеңнің бауырында қуаты 58 мегатонналық атом бомбасын жарды. Күні бүгінге дейін жер бетінде осынша қуатты жарылыс болған емес. Дегелеңдегі осы бір сынақтың өзі Хиросимаға тасталған 4 мың атом бомбасымен парапар екендігі анықталған. Мұның азабын біздің әулет те тартып еді.

Сынақтың адам ағзасына әсерін анықтау үшін бір топ адамды жарылыс кезінде сол маңда қалдырған да, қалғандарын алысқа көшіріп жіберіпті. Мұны үйдегі үлкендер айтады. Айтуынша, үйге қайтып келгенде көргендері – өңшең ит пен мысықтың өлексесі екен.

Біраздан соң әр үй, әр үйден дімкәстар көбейген. Біздің әжемізді де «емдеуге» жиі апарып жүреді екен. Семейде сол кезде құпия саналған № 4 диспансер болған. Кейіннен анық болғаны – бұл диспансер адамды емдемей, науқастың қандай жағдайда, қандай жарылыста өлім халіне жететіндігін анықтаумен ғана айналысқан екен.

Әжем сол жылы «ем қонбай» дүние салыпты. Біз ол кезде әлі дүниеге де келмеген едік...

Таяуда интернеттен Қазақстанның қазіргі президентін Нобель сыйлығына лайықты деп жар салған сайт көріп қалдым. Түріктер жасапты (болмаса соларға жасатқызған). Түркітілдестердің санына есептегені шығар. Сайттың сөз саптауынша, президентті полигонды жапқызғаны үшін Нобель сыйлығымен марапаттауға болады екен.

Шынын айтсам, Қазақстанның полигонды өз еркімен жапқанына күмәнім бар. Амалсыздан жапқандай. Осы саланы жақсы білетіндердің айтуынша, одақ тарағанда қолдағы ядролық қарудың тілін білетін қазақтың саны... біреу ғана екен. Ол да болса, бар жеткен жері – капитан. Сондықтан Қазақстанның «сырын білмейтін аттың сыртынан жүрме» деуіне тура келген.

Бақсақ, бүгінде полигон мәселесі бүкіл өзектілігінен арылып, солып, сығылып, бар болғаны саяси ұпай жинайтын шоқпарға айналып кеткендей көрінеді. Қазақстан басшыларының қазір содан басқа айтатыны да қалмаған.

Ал халқының ше?..

baglanh@mail.ru
XS
SM
MD
LG