Accessibility links

«Ағажай, Алтайдай жер қайда-ай...»


Алтай тауында жүрген бір үйір жылқы. Моңғолия, 10 шілде 2009 жыл (Көрнекі сурет).

Алтай тауында жүрген бір үйір жылқы. Моңғолия, 10 шілде 2009 жыл (Көрнекі сурет).

Астана той-думанға, ән кешіне кенде қала емес. Кенде болмайтын себебі де бар. Қазақ даласының әр түкпірінде өз өнерлерін ел орданың төрінен бірақ шығарғысы келмейтін қай өнерпаз бар дейсіз. Ел ішін айтпағанда, алыс шетелдерден, іргеміздегі Ресейден талай жұлдыздар келіп, Конгресс-холда концерт беріп, байдың малын шашып, кедейдің артын ашып кетіп жатады.

Міне, қарашаның төрті күні Астанадағы Конгресс-холл сарайында талантты әнші, халықаралық конкурстардың жүлдегері Гүлзира Бөкейханқызының да жеке ән кеші өтті. Бірақ ауыз толтырып айтарымыз – «бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» болды.

Қысқа ғана ән кешінде екі керуен өтеді көз алдыңнан көлбеңдеп. Оның бірі – сонау ерлік пен жұмбаққа толы түркі жұртының ұлы көшінен бастап, тәуелсіз Қазақстан көшіне әкеледі. Енді бір керуен – кешегі озбыр империялар қазақтың жерін де, елін де екіге бөліп, екі тағдыр кешкізген тарихты еске салады; көк түркінің отаны, қазақтың алтын бесігі болса да, жат қолында қалған Алтайдан Арқаға тартылған ән керуені.

Әрбір ән жан жүрегіңнің үнімен тілдеседі. Өткен тарихтың қойнауында қалып, бұл күндері тек тарихқа айналып бара жатқан баба дәстүрін жадыңда қайта жаңғыртады. Санаңа сәулесін түсіреді. Ән кешінде асқар Алтайдың баурайында қалған қазақ бауырларымыздың арман мен сағынышқа толы әні, мың бұралған «Қара жорға» буын биі, тарих қойнауына жібермей, таза сап алтындай жарқыратып сақтап қалған салт-дәстүрін бейнелеген бейне баяны көз алдымнан өтіп жатты.

«Шеттен келген қазақ отанға не аламыз деп емес, не береміз деуі керек!» деген сөздің ұранға, «Қазақстанның бүгінгі өркендеп-өскеніне [оралмандардың] ешқандай еңбегі жоқ» деген «лебіздің» Құранға айналғаны қашан! Бірақ біз «беру» деген сөзді тек дүниеге, ақшаға ғана қаратып айтамыз да, теңгемен өлшенбейтін рухани байлықты үлеске де, «беруге» де қоспаймыз. Әйтпесе ата жұртқа оралған қазақ тек қана рухани саланың өзінде талай өшкен үміттерді қайта жақпады ма?

Гүлзираның бұл күнгі көрсеткен өнері кешке жиналған үш мың адамға рухани азық бермеді деп кім айтады? Елге оралған он жылда отанының рухани байлығына еселі үлес қоспады деп кім айтады?

Ән кешінде отырып, Алтайдың ар жағындағы елдің рухы мен өнері де өз отанына оралғанын сезіндім. Оралмаған – алпауыттардың бұғауында қалған қазақтың байтақ даласы ғана.

serikkerey@yahoo.com

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG