Accessibility links

Обама лаңкестікпен күресте бірлікке шақырды


АҚШ президенті Барак Обама Индонезиядағы мәлімдемесінде зорлық-зомбылық жасайтын экстремистерді жеңу үшін бірлікке шақырды. Джакартадағы Индонезия университетінде сөйлеген сөзінде Обама бірнеше алғабасушылыққа қарамастан АҚШ пен ислам әлемі арасындағы қарым-қатынастарда әлі де проблемалар бар деп атап көрсетті. Бірақ ол барлық жақтарды "күдік пен сенімсіздікті" ысырып қойып, лаңкестікпен бірлесіп күресуге шақырды.

"Біз бірқатар алғабасушылық жасадық бірақ бұдан да көбірек жұмыс атқаруымыз керек. Америка мен Индонезияда және бүкіл әлемде экстремистер бейкүнә адамдарды нысанаға алып жатыр. Америка исламға соғыс ашпайды және онымен ешқашан күреспейді деп анық айтамын. Оның орнына кез келген діннің, әсіресе ислам сияқты ұлы дүниежүзілік діннің жетекшілері бола алмайтын Әл-Қаида мен осы ұйымға қатысы бар топтарды жеңу мақсатында бәріміз бірге жұмыс істеуіміз керек", - деді Обама.

Сонымен қатар Обама Таяу Шығыстағы бейбітшілік үдерісіне "көптеген бөгет" жасалып жатыр бірақ АҚШ Израилмен бейбітшілік пен қауіпсіздікте көршілес ел болып тұратын Палестина мемлекетін құруға бағытталған "әділ" шешімге қол жеткізуге қолынан келгенше көмектесетін болады деп мәлімдеді.

Балалық шағының төрт жылын Индонезияда өткізген Обама әлемдегі ең көп мұсылман тұратын бұл елді демократия мен әртүрлілікті қамтып, дамып келе жатқан мемлекет деп мадақтады.

Обаманың бұл мәлімдемесі ислам әлеміне арналған ірі жолдауларының бірі болып табылады. Бүгін таңертең Джакартада АҚШ президенті Оңтүстік-шығыс Азиядағы ең үлкен мешітке барды.
XS
SM
MD
LG