Accessibility links

Осы соңғы кезде біздің патшамыздың шал болмаймын деп әбігерленіп бара жатқан хабарының арты ашылып қалғанына біраз болды. Сондағы ойы ел басқару емес — әйел басқару екенін де бәрі жақсы біліп алған. Тіпті, керек болса, жалпақ елде осы мәселеге байланысты «Жігіт екен!» деп, оны мақтау, құптаушылық та аз емес. Керек болса, онда тұрған несі бар?

Тарихтан білеміз, кейбір елдің патшаларында әйел деген жарықтық, тіпті, жүздеп саналған емес пе! Сонда біздің неміз кем? Қазақ маңдайына біткен жалғыз су бергізіп қойған «суберханымыз» сонда тоқалдан туған ба? Немене, бір оншақты ұрғашыны соған қимағанымыз ба бұл? Балы да, обалы да өзіне ғой – ала берсін ала алғанша.

Бірақ бізді ұятқа қалдырмай алсын. Алған соң толып жатқан, аяғына оралып жорғадай жорғақтап жүрген жас айғырлардың біреуін де жолатпай, үйірін мықтап ұстасын. Сөз сапырумен емес, бие қашырумен айналыссын. «Дәрі керек», «стволовой клетка қайда?», «жасару еліксірі», «уколыңыз бар ма?» дегендердің біреуін де тістен ары шығармау керек еді ғой! Амал нешік, сөз – атқан оқ, тас жармаса бас жаратын. Шығып кетті ғой, шығып кетті...

Енді не істеуіміз керек? Бұл патшамыздың бас ауыруы намысымызға тиіп, тіпті, Жетпісбай, Сексенбай, Тоқсанбай, Жүзбайлары толып жатқан елінен ұят болды ғой өзі!

Ең масқарасы неде десеңізші? Алыстан іздемей-ақ қол астындағысын көрмей тұрғанында ғой, субергіш ханымыздың! Көп жасаудың сырын дана халқымыз баяғыда шешкенін, ол сол патшамыздың зәресін ұшыратын сопыларымыз, ғылым тілімен айтсақ суфилеріміз екенін қайдан білсін Маркс пен Лениннің сандырағымен туып-өскен жан!

Мен бұнда шолақ молда, соқыр діндарларды, секта-мекталарды айтып тұрған жоқпын. Нағыз шын сауатты құдайға сенушілерді айтып отырмын. Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың төл шәкірттерін айтып отырмын. Керек болса, жуырда ғана «үшәріп» тұтқындаған профессор Саят Ыбыраев сияқты көзі ашық, көкірегі ояуларды айтып отырмын. Пір Бекет бабамыздың шәкірттерін айтып отырмын. Олар, құдайға шүкір, елімізде баршылық, бар. Бірақ ол құдайға сенген адамдар біздің «субергішіміз» үшін барып тұрған баукеспе ұрыдан да, халық жауынан да бетер қорқынышты құбыжық екені өкіндіреді. Неге екенін еш ұға алмадым, бірақ бұның өзі құдаймен бәсекелес болғысы келген сияқты надан, жиіркенішті саясат екені сөзсіз.

Сопыдан үйренген бір адамды білемін. Аты дүниежүзіне мәлім. Дамыған елдердің бәрінде ем-домдық мекемелері бар, Москвада жекеменшік академиясы бар. Өзі ғылым докторы, медицина докторы, танымал профессор, атышулы академик. Жыл сайын мыңдаған науқасты жазып тұрған кісі. Бірталай кітаптың авторы. Әр кітабында марқұм сопы ұстазын еске алмай қоймайды. Аты – Міркәрім Норбеков.

Шын құдайға берілген адам, яғни шын сопы адам (Абай мен Шәһкерім, Әл-Фараби, Абу Райхан Бируни, Ибн Сина (Авиценна) сынды ғұламаларды айтып отырмын) бұл дүниеден озғанда да, қаласа – тәндері бұзылмаған. Мәшекеңдер – көз алдымыздағы соның бұлжытпас тарихи дәлелі.

Cопылар тек ұзақ өмір сүру былай тұрсын, толып жатқан кереметтерді меңгерген (кеңістікте жылжу, әп сәтте ой-ниет күшімен қалаған жеріне жету, бір мезгілде бірнеше жерде табылу, сәуегейлік-болжау, ұзақтан оймен хабарласу, бұйыру, т.т.) Айта берсе, бұл жеке ұзақ әңгіме. Аңыз-ертегі әңгіме емес. Ғылымның шыңы.

Осындай құнды мұрамызды танымай, танытпай, өздері де зерттемей, елге де зерттетпей отырған билігіміздің бишаралығын айтыңызшы...

Европа мен Америка жетекшілері ант бергенде өз пайғамбарларының кие кітаптарына қолын қойып, антты ең бірінші құдайға береді. Ал біздің басшыларымыз ше?

«Қазақ қой олар да, неге сонша өштескен дінге» деп көп ойландым.

Себебі оңай табылды. Өте оңай.

Ия, құдайға жан-тәнімен берілген адам, сопылық ілімін терең меңгерген адам көп жасаймын десе – көп жасайды. Бұл – дәлелденген ақиқат. Сенбегендер, кем дегенде, Норбековтың кітаптарын парақтаса да жетеді.

Бірақ бір кілтипан бар бұнда. Өте маңызды кілтипан. Тапжылмас шарт. Бұл ілімнің құпия сырларына жетік болу үшін адам сатылап-сатылап, білімнің биіктеріне көтерілуі керек. Деңгейден деңгейге, сыныптан сыныпқа өткен секілді. Ол үшін еңбектену керек, жылдарды оқу мен тоқуға сарп ету керек.

Және де сол көп сатылардың ең біріншісі, ең кішкентайы, ең алғашқысы – өз басың міндетті түрде адал, мейірімді, кіршіксіз таза, иманды болуың керек. Бұл – басы, бастамасы, алғышарты. Оқу бастаудың бұлжытпас заңы бұл.

Мінеки, біздің көсемсымақтарымыздың ала алмай жүргені, өмірінде ала алмайтын да қамалы осы алғашқы қадам болу керек. Нәрестенің тәй-тәйіндей, жаратушымыз бағытына, тарапына жасалынатын бірінші қадам, бірінші адым – бұлар үшін алынбас қамал іспетті.

Жарыққа жақындай да алмай жүрген байғұс жарықтықтар-ай! Түйсіксіз, түсініксіз малдай болып кеткен жандар. Із-түссіз жоғалатын жандар. Байғұс, бишара жандар...

«Қартаймаймын, шал болмаймын!» деген жандар.

Қартайғысы келмейтін шалдар…

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG