Accessibility links

Қытайдың ұйғырға құрған үш қақпаны – 3


Түйе мінген қытай әскери полициясы өкілі Қашғардағы Апақ Қожа мазарының алдында. Қытай, Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы. 29 тамыз 2005 жыл.

Түйе мінген қытай әскери полициясы өкілі Қашғардағы Апақ Қожа мазарының алдында. Қытай, Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы. 29 тамыз 2005 жыл.

Үшінші қақпан: «Ұйғырстан»

Бірақ қытай билігі оған жүйелі түрде тойтарыс беріп, тосқауыл жасап, қол астында қалған түркі жұртының бірігіп тәуелсіздікке жетуіне жол бермей келді.

Қытайдағы түркі жұртының тәуелсіздікке талпынысының күшеюі және жеңісті күрестер жүргізуі «түрік» атауымен тікелей байланысты. 1921 жылы Мұстафа Кемал бастаған жас түріктер партиясының Осман атауын өзгертіп, Түркия мемлекетін құруы қытай қол астындағы түркі жұртына бұрын болып көрмеген бірлік пен рух берді. Олар «түрік тілінде сөйлейтін, ортақ тарих, ортақ мәдениеті бар қазақ, ұйғыр, қырғыз, татар, өзбек жұрты ұйысып, бір мемлекет құруы керек» деген байламға келді. Әрі сол мақсатқа сай Шығыс Түркістан мемлекетін құру үшін күрес бастады.

Шығыс Түркістан үшін қытайдағы түркі жұрты жан аямай күрес жүргізді, әрі жеке-жеке, ілгерінді-кейінді ұйғыр, қазақ өңірінде Шығыс Түркістан мемлекеті құрылды. Бірақ Шығыс Түркістандағы көп халық – қазақ пен ұйғырдың бірлесе күрес жүргізбеуінен, оған қоса сол кездегі әлемді шарпыған қызылдардың соққысынан жас мемлекет бесігінде тұншықтырылды. Түркі жұртының арманы мен тілегі телегей-теңіз қытай империясына батып кетті…

Бірақ Шығыс Түркістан қытай қол астындағы түбі бір түркілердің ортақ мақсатына құрылған, өзара бірігуге, бір-біріне жақындауға, ел болып ұйысуға деген арманын бейнеледі. Әрі алып қытаймен түркі болып тіресудің жеке ұлт ретінде күресуден әлдеқайда артық екенін әйгілеп берді.

Орта Азиядағы түркілердің орыстан тәуелсіздік алып, ұлт атындағы мемлекет құра бастауы, жаңа Қазақстанның дүниеге келуі Шығыс Түркістан жолындағы күрестің арнасын басқа бағытқа бұрды. Ұйғырдың Шығыс Түркістан үшін қанаттаса күрескен сенімді серігі – қазаққа «Қазақстан деген отаным бар» деген ой түсіп, Шығыс Түркістан туралы арманынан түбеселі бас тартып, енді Қазақстанға көше бастады.

Осы тарихи кезеңде Шығыс Түркістанда жан саны жағынан өздерінен кейінгі орынды ұстайтын қазақтардан айрылған ұйғырлар енді қытаймен жеке-дара күрес жүргізуге тура келді. Енді оларға «Шығыс Түркістан» емес, «Ұйғырстан» деген ат қажет болды. Бірақ осы «Ұйғырстан» атауы жымсыма қытай саясаткерлеріне де қажет болып тұрған еді. Шығыс Түркістанда ежелден бері қытайға қарсы батыл қарулы күрес жүргізіп келген қазақтың мемлекет құру арманынан бас тартуы ұйғырды қытайға жеке қалдырды. Қытай ұйғырлардың тәуелсіздік үшін күресін тұншықтырудың қақпанын құра бастады. Ол қақпан «Ұйғырстан» болатын. «Ұйғырстан» – тәуелсіздік үшін күрескен ұйғыр үшін қолайсыз болатын. Себебі қытайлар оларға «Ұйғырстан» деген жеке қазан асқызу арқылы Шығыс Түркістандағы қандас түркі бауырларынан бөлектеп алды.

Қытайға тәуелсіздік үшін әр түрлі жолмен күрескен жалпы түркі жұртын террорист етіп көрсеткеннен гөрі жалғыз ұйғырды лаңкес етіп көрсету ыңғайлы, әрі ойға қонымды. Олар ақыры осы мақсатқа да жетті. Қазір қытай үкіметі істің мәніне үңілмейтін, саяси технологияны меңгермеген ұйғыр жетекшілерін пайдаланып, қолдан жасалған жарылыс, басқа да әрекеттер арқылы Шығыс Түркістандағы ұйғырды экстремистер қатарына қосып жіберді. Дүниеге ұйғырды тәуелсіздік үшін күрескен халық ретінде емес, террорист ретінде танытып жатыр. Сол арқылы ұйғыр тәуелсіздігін тұншықтырып отыр.


Үш қақпаннан түйген ой: Ұйғыр – мықты жетекшіге зәру

Арғы тарихты айтпағанда, 1930 жылы Қашқарда Шығыс Түркістан Ислам Республикасын құрған Сабит Дамолла, басында ұйғыр тәуелсіздігі үшін күресіп жүріп, соңында сол кездегі Шыңжаң өлкесін билеушісі Шың-Шы-Сайға алданып, өз арманынан бас тартқан Қожанияз батыр, 1940 жылдардан бастап ұйғырларға жетекшілік еткен Масғұт, Иса Йүсіп, Мұхаммед Ибиндер «Шығыс Түркістан үшін күрестік» деп кітап жазып, газет шығарғанымен, олар сол тарихи орайда ұйғыр халқын қозғайтындай беделге де, қол жинап қарулы күш топтай алатын қабілет-қарымға да ие болмады.

Сол кезде үлкен тарихи мүмкіндік болса да, ұйғырдың халықты соңынан ертетін беделді де батыл көсемі болмағандықтан он миллион ұйғыр бір оқ атпай-ақ, қытайдың қызыл армиясына тізе бүкті. Оның қасында ұйғырға қарағанда саны аз қазақ қытай үкіметіне қарсы қарулы күресті өрістетіп, жеңіске жетіп, Алтай, Тарбағатай, Іле аймақтарында Шығыс Түркістан Республикасын құрды.
Дүниежүзілік ұйғыр конгресінің президенті Рабия Қадыр. Токио, 29 шілде 2009 жыл.


Арада өткен 50 жылдық өлі тыныштықтан кейін ұйғыр халқы күрес жолына қайта түскенімен, ұйғырлардың бірден-бір жетекші ұйымы – Дүниежүзілік ұйғыр құрылтайының басшылары арзан атақ пен эмоцияға беріліп кетті. Олар ұйғыр күресіне дұрыс жетекшілік ете алмады, күрестің түрлі технологияларын іздемеді.

Шетелдегі ұйғыр жетекшілері өз халқынан ұзақ уақыт қол үзіп қалғандықтан оларды көбінде ұйғырдың тағдыры емес, жеке атақ-абырой қызықтырды. Күрес орнына қалам мен мінберді таңдап алды. Тек соңғы кезде Шығыс Түркістаннан шыққан Рабиям Қадыр ғана ұйғырлардың ұйымына жан бітргендей болғанымен, ол да жүйелі өзгеріс жасаған жоқ. Тарихи негізсіз «Ұйғырстан» идеясынан бас тартпады, ұлтының шынайы тәуелсіздігі үшін тың күрес жүргізбеді.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – тәуелсіздікті арман қылған ұйғыр халқы қайта-қайта қытайдың қақпанына түсіп, арандалып жатыр. Тәуелсіз ел болсақ деген арманы түске айналып бара жатыр. Ұйғыр жетекшілері тумаған балаға ат қойғандай болып, «Ұйғырстан» атауын алаулату арқылы майдан даласында жалғыз қалып, бауырлас ұлттарға да жек көрінішті болып отыр. Ұйғыр тәуелсіздік жолындағы майданда жалғыз қалмайын десе, «Ұйғырстан» деген атаудан бас тартуы керек. Шығыс Түркістан туын қайта көтерсе, ұйғырды қолдайтын ел де, еретін ер де табылар еді.

Түбі бір түркі жұртының бір шаңырағы шығыстан көтерілуін біз де тілейміз!

serikkerey@yahoo.com

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG