Accessibility links

Шүкірлік


Қытайдағы Ким деген жас. Ертай Нүсіпжановтың блогынан (ertai.dosym.kz) алынған сурет.

Қытайдағы Ким деген жас. Ертай Нүсіпжановтың блогынан (ertai.dosym.kz) алынған сурет.

Бұрынырақ бір кітаптан шүкіршілік қылудың маңыздылығы жайында баяндалған бір оқиғаны оқығаным бар еді. Онда өзінің дәулетіне шүкіршілік қылған Сүлеймен пайғамбардың байлығының бұрынғыдан бетер артып, ал жағдайына риза болмаған кедейдің тіпті әуретін жабатын шүберекке де зар болып қалғаны туралы айтылады. Сонда түсінгенім – егер бай адам өзінің байлығына шүкірлік етпесе, онда ол барға да қанағат қыла алмайды екен. Сөйтіп қолда бардың қадірін білмей, дүниенің соңында жүрумен-ақ өмірі текке өтеді. Кедей де дәл солай: Егер ол өзінің жағдайына шүкіршілік қылмаса, онда сол қу дүниені ойлаумен жүріп-ақ не оған жете алмай, не жоғына қанағат қыла алмай, барды көре алмай ақыры тоз-тозы шығып ол да өмірден өтіп кетеді… “Амалдар ниетке байланысты” делінеді. Демек, ең алдымен адамда ниет болса, онда барға қанағат, жоққа шүкіршілік қыла білуге тәрбиелетін жол табу да әсте қиын емес деп ойлаймын. Қанағатқа қалай қол жеткізу керек екендігі мен шүкіршілік ете білуде сіздердің де жиған тәжірибелеріңіз аз емес шығар. Ал мен Кимнің өмірін сабақ ете отырып сіздерді де шүкіршілікке шақырамын.

Негізі мұнда байлар өте көп. Бірақ қалыпты тұрмыс жағдайына жете алмай жүрген жандарда сан жоқ. Тыныштыққа, еркіндікке қол жеткізу Қытайда шынымен де өте қиын. Жылда қаншама миллиондаған студенттер оқуын аяқтайды. Бірақ оларға өз мамандығында жұмыс табу оңай емес. Сол себептен олардың көбі мамандығынан тыс кез келген жұмыс істеуге даяр.

Ким де бір үйдегі жалғыз бала. Әкесі жоқ… Анасы Ким туып-өскен басқа бір қалада, мектепте мұғалім. Өзінің айтуынша анасының денсаулығы жақсы емес. Ал өзі дизайнер мамандығын былтыр оқып бітірген. Мамандығына сай жұмыс таппаған соң, қазір осы қалада студенттерді магистратураға даярлайтын жекеменшік бір мекемеде қарапайым жұмысшы болып жүр. Таңғы 8-ден кешкі 8-ге дейін демалыссыз, аптасына 7 күн жұмыста. Айлығы теңгемен, шамамен 25 000-ның айналасында. Бұл жұмысты амалдың жоқтығынан істеп жүр. Басқасын айтпағанда, тіпті бөлек тұру да оның еркінде емес…

– Сонда қалай? Өзің бөлек тұруыңа болмайды ма?
– Мен басшымның өзіне айта алмаймын. Егер ол ұсынысым оған ұнамай қалса мені жұмыстан шығарып жіберуі мүмкін. Сондықтан араға біреулерді салып жүріп шет-жағасын білдіртіп ем, келіспепті…
– Неге?
– Кім біледі?! Бәлкім үйде де шаруалар шығып қалса жұмсаймын дегені шығар…
– Қалай сонда?! Егер ол жер саған қолайсыз болса, «Мен бөлек шығуым керек» деп айта алмайсың ба?
– Сен білмейсің, бізде басшыңа еш уақытта оған ұнамайтын сөз айтып, іс қылуыңа болмайды… Басшың ішімдік ішсе сен де міндетті түрде ішуің керек…
– Бұл қиын екен. Егер ол жерде тегін тұрып жатсаң, шыдап тұра беру керек шығар?
– Ішетін тамағыма ақша қалдырып қалғанын пәтер жалдап тұруға беріп бөлек тұрсам ба дегенмін. Енді ол туралы ойлау да бекер, әзірге… Түннің жарымында қасымдағылар келіп арақ ішеді, тамақ жасайды. Қысқасы мазам кетіп бітті. Оқуыма дайындала алмай жүрмін…
– Қандай оқуды айтасың?
– Қытай медицинасын өздігімше оқып жүргеніме біраз болды. Енді оқуға түсіп кәсіби маман болсам деген үлкен арманым бар. Өмір бойы осындай тірлікте қалғым келмейді…
– Онда жақсылап оқуың керек қой.
– Иә, міндетті түрде. Алайда жақсылап оқу өз алдына, оған қоса маған 3 жылдың ішінде 15 мың доллар жинау керек.
– Ол не үшін?
– Жақында бір жақыным арқылы бір кісімен таныстым. Сол кісіге оқу бітіргеннен кейін сондай сома ақша беруім керек…
– Сонда Қытайда ақша беріп жұмысқа орналасады ма?
– Жақсы қызмет орнына онсыз тұра алмайсың.
– Онда оқудан бұрын ақша жина…
– Жоқ! Олай да болмайды. Керемет білімді болмасаң тағы да ешкімге қажетің жоқ. Өйткені бізде халық өте көп. Мықты, білімділердің өзі жетіп жатыр. Ең үздік мамандардың арасында осындай бақталастар… Мысалы, менімен қатар былтыр бір қыз бітірді. Өзі ауқатты отбасынан шыққан болатын. Сол университетте мұғалім болғысы келіп, әке-шешесі біреуді тауып оған 70 wan yuan (біздің теңгемен шамамен 15.5 млн.теңге) бермек болып еді, бәрібір қызын жұмысқа орналастыра алмады. Мәселе – оның білімі университет талабына сай емес. Сондықтан мәселеңді ақша да шеше алмайды. Басыңда керемет білім және қалтаңда қыруар қаражат болуы керек… Ал ақшаны алатын адамды табу өте қиын…
– Солай де… Онда үйің бар. Үйленіп алып, анаңның қасына барып қарапайым жұмыс істеп жүре бермейсің бе?
– Мен ұнататын қыздар менің жағдайыма қарап қазір маған тұрмысқа шықпайды. Ал үйленген күннің өзінде мен отбасымды асырай алатын жағдайда болуым керек. Қарапайым жұмыстар қазіргі айлығымның айналасында. Тамағымнан артылмайтын ақшаны қайда жеткіземін?!… Бұрын бар сырымды анаммен бөлісіп, ішімдегінің бәрін анама айтып жеңілдеп қалатын едім. Қазір уақыт өткен сайын бәрі де қиындап барады… Анам жыл өткен сайын қартайып барады. Телефон соғып жағдайымды сұрағанда мен өтірік күліп, «Мама, алаңдамаңыз менде бәрі тамаша» деймін. Басқа амалым жоқ. Оған жағдайымды айтқаннан не ұтамын. Керісінше оған ауыр болады. Маған беретін түгі де жоқ. Айлығы өзінен артылмайды… Ал күндердің күнінде ол жұмыс істеуден қалады… Мен оны асырауым керек… Оны ойласам ешқандай шешім таппаймын… Болашағымнан жалт еткен бір сәуле көрмеймін… Кейде өмір сүруден де күдерімді үземін…

Кимнің осы сөздерінен кейін одан артық не сұрарымды, қандай кеңес берерімді де білмедім. Оның жағдайын жазып жеткізу қиын екен… Сонда басыма бірінші келгені – біз – қазақтардың «жағдайымыз жоқ» деп жүргеніміз кесір екен… Бір күні теледидардан қытайдағы ауыл тұрмысы туралы бір фильм көрсетіп жатты. Оны көрген Ким, «Шіркін! Осындай жайлауда тұрсаң қандай тамаша! Онда әр күнім қуанышпен өтер ме еді?! Ешкімге де тәуелді емессің…» деп арманда қалды. Ал менің ойымда тағы да ауылдың қадіріне жете алмай жүрген қазақтар оралды…

Мұнда Ким сияқтылардың миллионы бар. Олар жағдайы өздерінен де төмен жандарға қарап «шүкіршілік» етіп болашағынан үміт күтіп жүр. Ал біз «Кимдердің» жағдайына бір сәт үңіліп көрейікші?! Бәлкім біз барымызға сонда ғана тәубе дерміз? Немесе шүкіршілігіміз арта түсер?!

Пайғамбарымыз (с.а.с.): “Аллаһтың бергеніне қанағат қыл, ең бай Адам боласың”, - деген.

asspankz@gmai.com

http://ertai.dosym.kz

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG