Accessibility links

Шаңырақ оқиғасына қатысты сотталған 4 азаматтың анасы билікке қайрылды


Бүгін Алматыда Шаңырақ оқиғасына қатысып, түрлі айыптармен ұзақ мерзімге сотталған азаматтардың аналары Қазақстан президенті мен ЕҚЫҰ саммитіне мүше елдерге қайрылды.

Олар желтоқсанның 1-і мен 2-сі күндері Астанада басталатын ЕҚЫҰ саммитіне қатысушылардан өз мәселелеріне назар аударуды сұрап отыр. Шаңырақ оқиғасына қатысты түрмеге жабылған 4 азаматтың жақындары жазықсыз түрмеге жабылған балаларымыз түрмеде ұрып-соғуға ұшырап отыр дей келе, олардың ісін қайта қарауды сұрап отыр.

Осы күнге дейін қазақстандық соттың барлық сатысына арызданып келе жатқан аналар, ендігі үмітіміз Астанада өткелі отырған «әлем елдері жетекшілерінің елеулі жиынында» дейді.

Шаңырақ оқиғасы бойынша 14 жылға сотталған Рүстем Тұяқов қазір Қызылорда қаласындағы қатаң режимдегі түрмеде отыр. 16 жылға сотталған Құрманғазы Өтегенов Павлодардағы қатаң режимдегі түрмеде жазасын өтеуде.

15 жыл алған Ерғанат Тараншиев Степногорск қаласындағы түрмеде болса, 18 жылға сотталып, Арқалықтағы түрмеде жазасын өтеп жатқан диссидент Арон Атабекке Сингапурдегі қоғамдық ұйым халықаралық жүлдесін ұсыныпты. Бұл туралы Арон Атабектің әйелі дүйсенбі күні хабарлады.

Оның айтуынша, бұл сыйлық қамау орындарында отырып та өлең жазып жатқан ақындарға, жалпы өнер иелеріне беріледі. Бұл "жасампаздық шығармашылық" сыйлығын иеленгендерге сыйлықты салтанатты жағдайда тапсыру рәсімі қарашаның 26-да Қаир қаласында өткен.
XS
SM
MD
LG