Accessibility links

Президентімізді мәңгі басшы ету және ұрланған сары май


Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясы сессиясында. Астана, 20 қазан 2010 жыл.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясы сессиясында. Астана, 20 қазан 2010 жыл.
Назарбаев қатысқан Қазақстандағы халықтар ассамблеясының жиыны болып жатқан кезде менің нағашым қой сойып, кенже баласының үйлену тойын өткізудің алдында туған туыстардың басын қосты. Біз жақта мұндай жиынды «топ жияр» деп атайды. Бұл басқосуда алдағы тойдың, құдалықтың сценарий жоспарланады. Жоспарланған той ойдағыдай өтетін болса, нағашым кенже баласын үйлендіріп, соңғы міндетінен құтылмақ.

Бос қосуға келген қонақтардың ішіндегі жасы үлкендері бүгінгі заманның талабын және нағашымның әлеуметтік жағдайын ұмытпай, жаңа түскен келіннің бетін тойда ашу керек деген ұсыныс айтты. Қонақтардың ешқайсысы қарсы болған жоқ.

– Дұрыс, екі рет шығындалып қайтесіз. Барлығын тойда тындыра салған жақсы, – деді жақын туыстарымыздың бірі.

Осы ұсыныс көпшіліктің қолдауына ие болған соң дастарханға қойылған арақ-шараптың аузы ашылды. Әңгіме арасында жақында ғана баласын үйлендірген, қызын ұзатқан ауылдастардың тойы талқыланды.

– Мишка баласын үйлендіргенде Шымырбектің Мейрамбегі араққа тойып, бүкіл тойдың берекесін қашырып еді. Сол бәлені тойға кіргізбеу керек, – деді үлкен әпкеміз.

– Ойбай-ай, әпке! Шымырбек менің құрдасым ғой, балаңды тойға ертіп келме деп қалай айтамын- деді нағашым.

– Ондай болса, арақ бермеңдер.

– Оларға арақ табу сөз емес, – деп әпкеміздің сөзін төр жақта отырған алыс ағайындарымыздың бірі жалғастырды.

– Мен әскерден келгенде Мұхит тамның артындағы арықтың шалшық суына шомылып жатушы еді. Енді бұл бәлекет те ер жетіп, үйленіп жатыр. Апырай, зымырап жатқан уақытты қарашы, – деп нағашымның кіші інісі әңгімені басқа арнаға бұрды.

Дастархан басында бірнеше сағат тапжылмай отырған қонақтар да бел жазып келу үшін сыртқа шықты. Үзілісті пайдаланып, көрші бөлмедегі телевизорды қосып қалсам, халықтар ассамблеясының жиыны өтіп жатыр екен. Президент Назарбаев ассамблея деген ұйымның Қазақстанның саяси, қоғамдық өмірінде атқарып жатқан рөлінің ерекше екенін айтып жатты. Жиынға қатысып отырғандар да елбасымызды шабыттандырып, оның сөзіне ризашылығын білдіріп, қайта-қайта қол соғып отырды.

Осы кезде, көп күттірген ас та дайын болып, сыртта жүрген меймандардың барлығы ішкі кірді. Нағашымның жақын туыстарында бағанағыдай белсенділік байқалмайды. Алдарына қойылған еттен ауыздары да, қолдары да босап жатқан жоқ. Қонақтардың ішіне ел қонды ау деген кезде, нағашым құдалықты кім шақырады деген сауалды ортаға салды. «Мен шақырамын» деп ешкім жұлқынбады.

Ауылды айтпағанда, қала адамына құда күту оңай шаруа емес. Дастарханға жайылатын дәмді орталықтан алып келу керек. Оған жұмсалатын ақша бар дегендей. Ақыл айтқыштардың да осы жолы үнсіз қалуын іштей түсініп отырмын. Ағайын-туыстың үндемей қалғанына нағашымның үйіндегі жеңгем шамданып қалса керек:

– Тәстеннің туыстары десе, өзіміздің төркініміз бар екенін ұмытып қаламыз. Кенжетайдың да, Айбастың да құдалығын біз көтердік. Ана жылы шешем 80-ге толып, той жасап жатқан кезде ешқайсыңыз бармап едіңіздер... – деп, жеңгем «от алып» келе жатыр еді, нағашым:

– Жетер енді! Сорпаларыңды алып келіңдер! – деп, сөзін бөліп тастады.

Келген қонақтардың мазасы кете бастаған соң көрші бөлмедегі қара жәшікке барып қайта үңілдім. Дәл осы тұста ассамблея атынан депутат болған кәріс ұлтының өкілі Назарбаевқа «мәңгі президентіміз болыңыз» деген ұсыныс айтып жатыр екен. Президент те «2020 жылға дейін ел басқаруға келісемін тек маған жасартатын дәрі тауып беріңдер» деп, кәрістің сөзін қалжыңға айналдырса да, бұл ұсынысқа ризашылығын жасыра алмады.

Осы тұста жеңгемнің:

– Құдай-ай, әбден басынды ғой! Енді төбемізге шығып дәрет сындыруы қалды бұлардың! – деген ащы дауысы естілді.

Бағаналы бері көрші бөлмеде күбір-күбір әңгімелесіп отырған қонақтардың да үні тыйыла қалды. Әлгі кәрістің президентке айтқан ұсынысы жеңгеме жақпай қалды ма деп жаным қалмады. Телевизордың ішіндегі президентіміздің биліктегі мерзімін ұзартуға талпынып жатқан бақытты жандардың емес, сыртта ойбайлап жүрген жеңгемнің сөзіне құлақ түріп едім:

– Тәстен, бері келші. Мына оңбаған тексіздер бізді масқаралап кетті! – деп күйеуін шақырды. – Жер жұртқыр немелер, сендерге сеніп жүрген біз де оңбаппыз! – деп, сыртта өзімен өзі сөйлеп жүрді.

«Быр-быр етіп, біресе естіліп, біресе жұтылып отырған телевизордың дауысы жеңгеме қалай жетті екен» деп таңғала бастадым. Осы тұста ағайын-туыстың біразы далаға шығып кетті. Қара жәшіктің ішінде көрсетіліп жатқан ассамблеяның жиыны кезінде президентімізге тағы кімнің қандай ұсыныс айтқанын білмеймін. Бірақ даладағы шуды естіп, телевизорды өшіруге мәжбүр болдым.

– Әй, Жүмка, саған не болды? – деп нағашы әпкем далаға шықты.

– Көрші қатындар дастарханға қоятын майды ұрлап кетіпті, – деді жеңгем.

«Уфф! Бәсе, біздің ауылдың адамдарын президентіміз жеке өмірі, жоспары, билікті сақтап қалудағы әрекеті дегендер толғандырмаушы еді ғой» деп, көңілім орнына түсті.

Содан не керек – президенттің биліктегі мерзімін ұзарту туралы ұсыныстар айтылып, көрші қатындар сары майды ұрласа да, нағашымның құдаларын күтетін адамдар табылды. Осы жолы мен де әлдебіреулердің ұсыныстарына емес, нағашым жасайтын той қалай өтеді екен деп алаңдадым. Соған қарағанда бұл елдің болашағы маған да бәрібір болып бара жатыр екен.

boltaie@gmail.com
XS
SM
MD
LG