Accessibility links

Қош бол, төрағалық, көргенше...


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен мемлекеттік хатшы, Қазақстанның сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев ЕҚЫҰ саммитінде. Астана, 1 желтоқсан 2010 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен мемлекеттік хатшы, Қазақстанның сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев ЕҚЫҰ саммитінде. Астана, 1 желтоқсан 2010 жыл.
Сонымен, Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалығын да тәмамдады-ау. Төраға Қанат Саудабаевтың таулы-қыратты елдерге бірлі-жарым сапары мен теңіздегі демалысы болмаса, менің есімде көп нәрсе сақтала қоймапты-ау, өзі. Тек саммит өткен күндергі сақтық болмаса. Саммиттің соңғы күнгі сағыздай созылған мәміленің өзі-ақ көп нәрсенің көрсеткіші тәрізді

Бір қызығы Қазақстан өзінен кейінгі төрағалық тізгінін Литваға тапсырып қойса да, саммит біткеннен кейін «Евроньюс» арнасынан Қазақстандағы жиын жайлы жарнама әлі беріліп жатыр. Шамасы, әлдекімдерге осы «кезекшілік» қатты ұнап қалғандай.

«Евроньюс» демекші, осы арнадағы жарнамадан басқа әлемдік телеарналар анау айтқандай ақпарат ағынымен төпелей қоймады. Тіпті Қазақстан басшысына арнайы сұрақ қойғандар да әзірге тыныш. Есесіне, өзімізді өзіміз мақтап, ісініп кепкенде, сиятын жер таппай қалдық. Жақсыны жаман мақтамай, жұрттың өзі де көрсе керек еді.

Саммиттің қорытынды құжатын қабылдауда, басқасы басқа, ТМД елдерінен ши шықты. Елбасының сынық жүзіне қарап, мәселенің мәз емес екенін байқайсыз. Ауыл арасындағы соқпақты жөндеп алмай, алысқа асфальт саламыз дедік қой.

Енді бір нәрседен қорқып отырмын. Сөз жоқ, Қазақстанның осы саммит арқылы жетсем дегендерінің барлығы жетістік бола қойған жоқ. Сондықтан біздің «дәлмарлар» сол жоспарларын ЕҚЫҰ-ның ендігі төрағалығында қатырамыз деп соғып жіберер ме екен?!

Ал төрағалықтың ендігі «кезекшілігі» кем дегенде 56 жылдан кейін келеді екен. «Қош бол, төрағалық, көргенше, Қайта айналып келгенше» дейміз бе, қайтеміз...

Baglanh@mail.ru
XS
SM
MD
LG