Accessibility links

Ирақ премьері үкімет мүшелері тізімін жариялауды сәрсенбіге қалдырды


Ирақ парламентінің мүшесі хабарлағандай, премьер-министр Нури әл-Мәлики бірыңғай ұлттық кабинет мүшелерінің тізімін жариялауды сәрсенбіге дейін кейінге қалдырды.

Осыған дейін дүйсенбі күні әл-Мәлики жаңа одақтас үкімет мүшелерін таныстырады деп хабарланған болатын. Наурыз айындағы парламент сайлауынан бері Ирақ үкімет жасақтай алмай, тоғыз ай бойы саяси дағдарыста отырған.

Хабарларға қарағанда, үкіметтегі ішкі істер, қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік министрлері сияқты негізгі қауіпсіздік қызметтерін кімдер алады деген мәселеде тараптар бір мәмілеге келе алмаған.

Нури әл-Мәлики желтоқсанның 25-не дейін өз үкіметінің тізімін парламентке мақұлдауға беруі тиіс. Өткен айда Ирақтағы шийт, азшылық сүннит және күрд фракциялары әл-Мәликиге жаңа үкімет құруды тапсырған болатын.
XS
SM
MD
LG