Accessibility links

Қазақстандағы оралмандардың жағдайы шетелдегі қазақтарға қалай әсер етеді


Оралман отбасы. Шымкент, 1 шілде 2010 жыл.

Оралман отбасы. Шымкент, 1 шілде 2010 жыл.


Шетелдегі қазақтардың Қазақ еліне көзқарасын ресми билік атқарған ауқымды шаралардан гөрі, жайшылықта келімді-кетімді «Қыдырмаштардың» әңгімесі белгілеп жатады. Әрине, ауылдағы қарапайым қазаққа ұлттық мақтаныш пен мемлекеттік деңгейде атқарылып жатқан шаралар қаз-қалпында жете бермейтіні анық. Алматы мен Астана және Қазақстанның басқа да облыстарындағы оралмандар айналасында қылмыстық оқиғалар жиі бола бастады. Бұл оқиға туралы әңгіме олардың көшіп келген ауылына күн айналып, ай аттамай жатып жетіп үлгереді. Бұл үрдіс соңғы кезде тіпті де кәріне мініп, қызулы болып алғаны жан қынжылтады.

Бұл тек қылмыстық оқиғалар төңірегінде ғана емес, табиғи апаттар мен әлеуметтік теңсіздік, қағазбастылық, жемқорлық, орыстілділік жағынан да үлкен реніштер туғызып жатқаны бар. Басқа қазақ жастарын қайдам, Қазақстанда оқып жатқан оралман студенттердің жаздық демалыстағы ауылға сапары елді (Қазақстанды) ақтаумен, өздерінен бұрын ауылдарына жетіп алған өсек-аяңның жалғандығын дәлелдеумен өтеді.

«Ойбай, Қазақстанға бармаңдар! Көшеде жүрген адамды ұстап алып пышақтап кетеді екен», «Қызылағашта бүкіл елді суға ағызып жіберіп, сүйектерін де бермей қойыпты», «Алматыда өлген адамның мүрдесін алып кетсе, қайтадан бірнеше мың долларға сатып алады екенсің, оның дене мүшелерін алып қалады екен», «Байып бара жатсаң қора-жайыңды өртеп кетеді екен» деген сияқты т.т әңгімелер гүлеп жүреді.

Бұл үрдіс шеттегі қазақтардың атажұртындағы Атазаңына деген сенімдерін төмендетіп, көшуге бейімделу райынан қайтарады.

Алып қашпа әңгіменің және елдегі кейбір келеңсіз жағдайлардың, бұл – бірінші кері әсері. Екіншіден, соңғы кездері қоғамдық ортада белсенділігімен көзге түсе бастаған, елдің саяси жүйесіне өзіндік көзқарас, азаматтық пікірін ашық айтып жүрген оралман жастардың соққыға жығылып, пышақталып жатуы Қазақ қоғамына деген сенімсіздік пен шеттегі элитаның тарихи отанға қарай ат басын бұруына, оқыған, білікті жастардың ертерек елге келуіне кесірін тигізіп жатыр.

Қорыта айтқанда, Мұстафа Өзтүріктің жұмбақ өлімінен тартып жоғардағы біз қозғап отырған мәселелердің барлығы көңілге мұң, көзге қорқыныш ұялатады. Ұлттың бойындағы көре алмаушылық тектес мерез мінездердің трагедиясы осындайда көрінсе, ақыр түбі іштей медеу көрген жалғыз отан аман болсын деген игі ойға тұрақтаудан басқа амал да жоқ оларда.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG