Accessibility links


Әне-міне дегенше 2010 жыл да аттанып кетіп бара жатыр. Абай атамыз айтқандай «күніне, болмаса айына өз-өзімізден есеп алатын есті адам» болмасақ та, өтіп бара жатқан жылдан не алдық, неге қол жеткізе алмай қалдық деген ой орташа есі бар адамды да мазалары сөзсіз. Өткен 2010 жылды қарсы алғанда күдіктен үміт басым еді.

2010 жылда жаңа үкімет жасақталып, қаржы дағдарысынан түбегейлі шығуға тың қадам жасала ма деген дәмеміз ақталмады. Төрт жылдан бергі үкімет командасы өз орнында қалып, мимырт қадаммен кете берді.

2010 жылда өткен жылдардағы биліктің көзсіз жекешелендіруі кесірінен пайдакүнемдерге тегінге берілген Қызылағаштағы су қоймасының апатынан айдың-күннің аманында 46 азамат қаза тауып, ондаған үй қайғы жамылды, ел неше миллиардтаған зиян шекті.

2010 жылда елімізді дендеген жемқорлықты жоюға қарсы күрес шабақтан жайындарға ойысып, нақты нәтижелерге жете ме деп үміттендік. Алайда «сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес» кландар арасындағы талас-тартысқа айналып кетті.

2010 жылда парламент пен үкіметте «Салауатты Қазақстан» бағдарламасының інісі «Саламатты Қазақстан» деген түсініксіз «бала» дүниеге келіп, елді тағы да үміт пен күдікке күпті етті. Ал мыңды жығады деген білім министрлігінде «оқу орындарында діни киім киюге тыйым салынады» деген ата заңға қайшы келетін мәселе қозғалып, абыройын жапқан жазаланатын болса, Астанада тыр жалаңаш шешінген қыз-жігіттер сыйға ие болып жатты.

2010 жылда ЕҚЫҰ-ға төраға болып, қырғыз оқиғасына араласып, Бакиевты алып қашып, Астанада саммит өткізіп, абыройымызды өсіріп, атымызды шығарып, ашылып-шашылып жырғап қалдық. Алайда сол ЕҚЫҰ-ның жебеуімен билік басындағылар бір табан болса да алға ілгерлеп, саяси реформа жасай ма деп үмітіміз селге кетіп, билік демократияға қарай бір қадам алға басып, екі қадам кері шегініп, елде саяси реформа емес, саяси ток-шоу көбейіп, журналистердің қимылын шектеу етек алды.

2010 жылда бюджет қаржысын үнемдеудің жаңа технологиялары да ойлап табылды. Aлдымен жұмыссыздар көбейген қаржы дағдарысы кезінде мемлекеттік қызметкерлерді 15 пайызға қысқару жүріп, талай отбасы нәпақасынан қағылса, сайлау өткізіп теңге шашқысы келмеген «қалаулы» азаматтар 2012 жылы өтетін президент сайлауын болдырмай, «ел президентінің өкілетін 2020 жылға дейін ұзарту керек» деген референдум өткізуді ойлап тауып, жағымпаздықтың көрсеткіші шырқау шыңға шықты!

2010 жылда еліміз спорт саласында көптеген жетістіктерге жетті. Қазақтың айбынын асырған боксшыларымыз тоқырап қалғандай көрінгенімен, зілтеміршілеріміз алтыннан алқа тағып ерлеп жатты.

Айта берсек, арман көп - дәрмен жоқ. Ел де енді ештеңеге елең етпейтін болды. Жуық арада жаңалықтың желі еспейтініне сенген халық өз арбасын дөңгелете бермек!

Aл 2011 жылда да тағы да той-думанды шаралар, жағымпаздық жарыстары, саяси ток-шоулар мен тағы да бір төрағалық күтіп тұр...

«Үмітсіз – шайтан» деген! Үміт үзілмек емес...

http://kokjal83.wordpress.com

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG