Accessibility links


Ия, соңғы кездері блогшылауды сиретуімнің себебі, толып жатқан ермектеріме жаңа ермек қосылғаны. Жігіттердің заманауи әлемде өмір сүру барысында соқтығатын қоғамдық, әлеуметтік, және жалпы жеке сұрақтарының барлығына жауап бермесе де, ерлердің сырласатын, мазалаған сұрақтарын өзге лақап атпен кіріп ұялмай талқылайтын жолсерігі болатындай бейресми сайт ашу менің ғана ойымда болған жоқ. Талай жерде айтылып, жобасы талқыланып, ойымыз сөз күйінде қалып жатты. Сондықтан идея авторы өздерің танитын жігіттердің ұжымдасқан коллективі. Біреу бастады, екіншісі қоштады, сөйтіп екі ай бұрын жас Беу.КЗ – қазақ тілінде сөйлеген бейресми сайттар қатарына қосылды.

Техникалық жағынан Zhastar.Biz сайтының админы Ербол Ахметов қолдаса, сайттың бар екенін көпке жеткізуде, яғни раскруткасына Аршат Оразов бастаған жігіттер тобы біршама үлес қосты. Сайттың мақалаларының толысуына Қазнетке Қилызаман, Гиена деген лақап атпен таныс жігіт ағаларымен қатар, Қуат, Патик, Жаяу Мұса атымен тіркелген «амиголар» келешек қазақ жігіттерінің білім қорына өз үлесін қосып жатыр.

Біз әдеттегідей тәй-тәй-тәй басқан баламыз деп сылтауратқымыз келмейді. Мақтанарымыз көп болмағанымен, шағымданарымыз жоқ, ешқандай ақпараттық қаржылай қолдаусыз кішігірім ғана сайтымызға қараша, желтоқсан айында ғана 80 тұрақты қолданушы тіркеліп, 50 мақала 7 мыңға жуық рет оқылған. Қолданушылар әлі де тіркеліп жатыр.

Алдағы уақытта жігіттерді қызықтырып жүрген бодибилдинг тақырыбында көбірек ақпаратпен бөліссем деймін. Сонымен қатар арамызда енді ғана әке атанғандар бар болғандықтан және өзім әке болғандықтан “Арнайы” бөлімдегі “Әкелерге” арналған айдарды жандандырып, таңдаулы мақалалар жарияламақ ойым бар. Қосылам деушілерге есік әрқашан ашық.

Сонымен қатар, бұл сайттың пайда болуына, мазмұнынына, авторлардың сөз саптау мақамының дамуына әсер етіп, алғышарт болып, барынша шабыттандырған бұрынғы massagan.com, solai.de, kerekinfo.kz, arular.kz, daruisholgen.com сайттарының қауымы мен қазақша wordpress блогерлер қауымдастығының да үлкенді-кішілі жетістігі деп білемін.

Beu.Kz – жігіттердің жалаңқол энтузиазмының және қызмет, отбасы мен жеке өмірден артылған бос уақыты бар еріктілер әрекетінің туындысы болса да, сайт өз қолданушысын табатынына сенімім таудай.

kozqaras.wordpress.com

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG