Accessibility links

Алматыда наразылық акциясын өткізгендерді полиция ұстады


Бүгін таңертең Алматыда «Демократияны жерлеу» акциясын өткізген бірнеше адамды полиция ұстап алып кетті. Бұл туралы оқиға орнынан Азаттық тілшісі хабарлады.

Сағат 11-ден өте бере Алматыдағы «Нұр Отан» партиясы кеңсесінің алдына келген «Рух пен тіл» қоғамдық ұйымының мүшелері Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілетін 2020 жылға дейін ұзарту туралы референдум өткізуге қарсы екендерін айтып, мәлімдеме жасады.

«Бұл соңғы жылдары орын алған түрлі жантық әрі жағымпаз ойлардың ішіндегі ең масқара, ең сорақы идея екенін мойындау қажет», – деді қоғамдық ұйым белсендісі, журналист Инга Иманбай.

Бұдан соң жиналғандар «Демократия» деген сөз жазылған қағазды қорапқа салып, оның үстіне құм төгіп «жерлеу» рәсімін жасамақшы болды. Алайда бұл жерге олардан бұрын келген полицейлер наразылық акциясын аяқтатпай, Инга Иманбай мен оның серіктерін көлікке күштеп мінгізіп, полиция бөліміне алып кетті.
XS
SM
MD
LG