Accessibility links

Журналистік ұйымдар басылымдарды сот арқылы жабу үрдісіне алаңдаушылық танытты


Сөз бостандығын қорғайтын «Әділ сөз» қоры мен Қазақстан журналистері одағы Қазақстанның бас прокуроры Қайрат Мәмиге, Жоғарғы сот төрағасы Мұсабек Әлімбековке ашық хат жолдады.

Хат авторлары мемлекеттік органдардан Қазақстандағы ақпарат құралдары мен журналистерден моральдық шығынды өндіріп алу тәжірибесін саралап, бір қалыпты жүйеге түсіруді сұрайды.

«Қазақстан заңнамасына сәйкес, БАҚ-ты жабу туралы шешімді сот не болмаса басылым иесі ғана қабылдай алады. Алайда іс жүзінде ар-намыс, абыройды қорғау және моральдық шығынды өндіріп алу туралы нормаларды соттардың асыра пайдалануы, басылымды жоюдың бір түріне айналды» делінген сәрсенбі күні таратылған ашық хатта.

«Осының нәтижесінде елдегі либералды баспасөз ауқымы тарылып келеді. Жақын арада бұл мүлдем тазартылуы мүмкін. Көп жағдайда бұл биліктен, шенеуніктерден бастау алады» дейді Қазақстан журналистер одағының жетекшісі Сейтқазы Матаев.
XS
SM
MD
LG