Accessibility links


Таяуда «Алтай» базарында да екі ойыншық ұшақты «бір күні сендерді сатып аламын» деп «көздеп» кеттім. Шынымды айтсам, «Боинг» ұшағының макетіне қол жеткізе алмай жүрмін. Білуімше, Астана әуежайында, кеңселердің бірінде сататын көрінеді. Астанаға әр барғанда «әне алам, міне алам» деп әлі жүрмін.

Күні кеше Ақтөбе әуежайына Мәскеуден Ошқа бет алған ұшақ қонуға мәжбүр болды. Толғағы жеткен қырғыз келіншегі қалалық перзентханаға жеткізіліп, дәрігерлер оны аман-есен босандырып алды. Өзі де, сәбиі де дін аман.

Күн ұзағына ұшақты ойлағаным болар, түсіме кірді. Сәби де, дәрігерлер де емес… Ұшақ! Рас, кішкене қорқынышты жағдай болды. Әуеге көтеріле алмай жүрген ұшаққа алаңдап, қайта-қайта әуежай жаққа қараумен болдым. Кенет ұшақ біздің үйдің төбесінен өте бергенде бір бөлігі құлап түсті – қанаты ма, құйрығы ма, білмедім. Жұрт абыр-сабыр. Көлік қаптап кетті. Апатты жағдай. Есімді жисам, «алып құс» жерге қатты құлап, «зақымданған» секілді. (Бір жақсысы, түсімде қирап жатқан ғимарат, жылап жатқан адамдар көрмедім). Ұшақтың қасына қасына жете алмай, қиналып жатыр екем… Оянып кеттім. Бұл бүгін көрген түсім еді…

Реті келгенде бір қызықты айта кетейін: былтыр жеті сағаттық жолға шықтық. Ішім пыспасын деп, біраз газет алып шықтым. Содан қызық, «Взгляд» газетінің былтырғы мамыр айындағы сандарының бірін қарап жатырмын. Ішінде айқара бетке тарихтағы әуе көліктерінің апаттары, онда тірі қалған адамдар (сол басылымның хабарлауынша, ұшақ апатынан адамдардың тірі қалуы миллионға шаққанда бір жайт екен) тағдыры туралы кеңінен жазыпты. Өзіміз шамамен он мың шақырым биіктікте келе жатып, ұшақ апаттары туралы оқудың өзі, құдай сақтасын, бір… енді… ғанибет демей-ақ қояйын... экстрим, енді!

Тағы бірде түсімде кеме құлап барады екен. «Мұндайда не істеуің керек?» дегенде, ұялғаннан «көмекке жүгірермін» дерсің. Бірақ менен қандай көмек болуы мүмкін. «Қазір ұшақ әбден жерге құласын, сосын дереу өзім қызмет жасайтын ақпарат агенттігіне телефон арқылы ақпарат жіберемін» деп ойлап жатыр екем. Масқара, әрине. Қылығымды айтамын да! Абырой болғанда, телефонымды іздеп жатып, оянып кеттім. Құдай сақтасын, не де болса, ұшақтар құламасын. Олай дейтінім, соңғы кезде әлемде ұшақ апаттары жиі болып жатыр. Соңғы жолы Катарда жиырмадан астам жолаушының аман қалғанын естіп қуанып қалдым… Әрине екі жүздей кісінің, оның ішінде экипаж мүшелерінің де мерт болғаны өкінішті.

askaraktobe.wordpress.com

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG