Accessibility links

Қарағандыда "мемлекетке сатқындық жасауға" байланысты іс қаралып жатыр


Сәрсенбі күні Қарағандының ауданаралық қылмыстық соты "мемлекетке сатқындық жасады" деген айып бойынша сот процесін бастады. Қылмыстық іс мемлекет мүддесіне қатысты болғандықтан жабық есік жағдайында өтіп жатыр.

Бұл туралы Қарағанды облыстық сотының төрағасы Ермек Серекбаевтың сөзіне сілтеме жасап, ҚазТАГ агенттігі хабарлады.

Облыстық сот басшысы Серекбаев бұл істің нәтижесі жұртшылыққа жарияланады дейді.

Бейресми мәліметтерге қарағанда, облыстың екі тұрғынына "отанына сатқындық жасады" деген айып тағылған. Олар шетелге құпия мәліметтерді беру арқылы елдің экономикалық қауіпсіздігіне нұқсан келтірді деген күдікке ілінген.

Тағы бір деректерге қарағанда, Қазақстанның қылмыстық кодексінің тыңшылыққа қатысты айыптары геологиялық-барлау ұйымының қызметкеріне тағылып отыр. Олар Қытай азаматшасымен байланысып, көрші елдер қызыққан геологиялық барлауға қатысты құжаттарды сыйақы үшін берген деген күдікке ілінген.
XS
SM
MD
LG