Accessibility links

Назарбаевтың өкілетін ұзарту туралы заң Конституцияға қайшы деп танылды


Конституциялық кеңес ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілетін республикалық референдум арқылы ұзарту туралы өзгерістерді Конституцияға енгізу Негізгі заңның ережелері мен нормаларына қайшы келеді деп мәлімдеді. Назарбаев бұл мәселе жөнінде бүгін сағат 17-де телеарнадан мәлімдеме жасамақ.


Қаңтардың 31-і Астанада Қазақстан Конституциялық кеңесі ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілетін республикалық референдум арқылы ұзарту туралы парламент қабылдаған конституциялық заңға қатысты ұйғарымын жария етті.

Конституциялық кеңес бұл заң Негізгі заңның ережелері мен нормаларына қайшы келеді деп тапты.

«Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» конституциялық заң Конституцияның 2-ші бөлімінің 1-ші тармағына үйлеспейді және Конституцияға сәйкес емес. Осының негізінде, Конституциялық кеңес аталған заңды Конституцияға сәйкес емес деп тану туралы қаулы қабылдады», – деп мәлімдеді Конституциялық кеңестің төрағасы Игорь Рогов.

Сонымен бірге Игорь Рогов заң бойынша бір ай мерзім ішінде Конституциялық кеңестің бұл қаулысына президенттің қарсылық білдіруге құқығы бар екендігін еске салып, «референдум туралы түпкілікті сөзді тек мемлекет басшысы ғана айта алатынын» атап ескертті.

Дүйсенбі күні Нұрсұлтан Назарбаев бұл мәселеге байланысты Астана уақытымен сағат 17.00-де телеарнадан жұртшылыққа тікелей эфирде мәлімдеме жасайтыны туралы хабар тарады.

Жұма күні Қазақстан парламентінде жыл сайынғы дәстүрлі жолдауын жариялаған президент Нұрсұлтан Назарбаев өз өкілетін 2020 жылға дейін ұзарту туралы референдум өткізу мәселесіне қатысты шешімін Конституциялық кеңестің ұйғарымынан кейін қабылдайтынын мәлімдеген еді.

Қаңтардың 14-і күні Қазақстан парламентінің қос палатасы бірлескен сессия өткізіп, Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік өкілетін саяси сайлаусыз ұзартып отыруға негіз болатын өзгерістерді Конституцияға енгізуді қолдап бірауыздан дауыс берді.

Назарбаев парламенттің бұл шешімі Конституцияға сай келер-келмесін анықтауды сұрап, қаңтардың 17-сі күні заңды Конституциялық кеңеске жолдаған.
XS
SM
MD
LG