Accessibility links

Египет оппозициясы жалпыұлттық шеру өткізуге шақырды


Египет президенті Хосни Мүбәрәкке қарсы шерулер жеті күн бойы өтіп жатыр. Хабарларға қарағанда, бүгін мыңдаған наразылық танытушы Каирдің Тахрир алаңына жиналған. Коменданттық тәртіптің енгізілуіне қарамастан бұл жерде бірнеше шеруші түнеген болатын.

Наразылық танытушылар 30 жыл билікте отырған Хосни Мүбәрәктің кетуін талап етеді. Олар сейсенбі күні жалпыұлттық шеру өткізуге шақырып отыр.

Нобель сыйлығының лауреаты Мохамед әл-Барадей жексенбі күні Тахрир алаңындағы наразылық танытушылардың алдында сөйлеген сөзінде шегінуге жол жоқ екенін мәлімдеді.

"Өміріміздегі ең бақытты күні - бүгін сіздерге қосылып отырмын. Мен әрбір адамның көзіне қарай аламын. Бүгін египеттіктер ретінде сіздер бостандық пен өмір сүру құқықтарыңызды қолдап шықтыңыздар. Шегінуге жол жоқ. Бұдан бұрын айтқанымыздай, біздің негізгі талабымыз - режимнің аяқталуы мен жаңа дәуірдің басталуы", - деді әл-Барадей.

Бейбітшілік бойынша Нобель сыйлығының лауреаты әрі БҰҰ-ның атом энергиясы жөніндегі агенттігінің бұрынғы басшысы әл-Барадейдің айтуынша, оппозициялық топтар одан ұлттық бірлік коалициясын құру мақсатында өтпелі кезең туралы ел армиясымен және Мүбәрәк билігімен келіссөз өткізуді сұраған.

Египеттегі толқулар басталғалы бері елде 100-ден астам адам қаза тапты. Кейбір елдер өз азаматтарын Египеттен эвакуациялап жатыр.
XS
SM
MD
LG