Accessibility links

Ақтөбедегі оқу орындарының бірінің студенті агентте күні бойы, кейде тіпті түнделетіп отыратындармен күресу керек деп тапты.

Ол үшін студент агентте отырған таныстарына көлемі бірнеше бет болатын мәтінді жібере салады. Мәтінде әріптер жиынтығы, не кез келген тыныс белгілері болуы мүмкін. Нәтижесі көп күттірмейді.

Агентке ұялы телефон арқылы кіретіндер дереу тізімнен «ұшып» кетеді. Рас, егер телефоны неғұрлым күшті болса, оларды агенттен «аластату» қиынға соғады.

«Лаңкес» тарапынан толассыз соққыға шыдамаған интернет пайдаланушы агенттен өзі-ақ шығып кететін болады.

– Алғашында мен мұны қызық үшін жасадым, – дейді студент Сәкен. – Кейін менің тарапымнан аз да болса пайда тиетінін түсіндім. Агент – бұл уақытты құртатын дүние. Онда отырғандар уақыттарын зая кетіреді. Оның үстіне интернет ақысы арзан емес. Менің білуімше, студенттердің дені қаражатты ата-аналарынан алады. Тіпті, ұялы телефондарына да бірлікті әрең тауып жүр.

Сөздің шыны керек, «лаңкестің» өзі де кейде зардап шегіп жатады.

– Кейде агентте отырғандар өзіме қарсы шабуыл жасайды. Сол кезде, амалсыз агенттен сытылып кетуіме тура келеді, – дейді студент.

Өз кезегінде, кейбір агент пайдаланушылар Сәкеннің әрекетіне мүлдем қарсы.

- Өйткені, бұл ұят та болса айтайық, кішкене әдепсіздікке жатады. Біздіңше, Сәкен – жай ғана сотқар. Қаншама адам интернет арқылы табысып, тілдеседі. Тіпті ел ағалары интернетке мойын бұрып жатыр емес пе?! Ұялы байланысқа қарағанда агентте қарым-қатынас орнату әлдеқайда тиімді, – дейді Сәкеннің қарсыластары.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG