Accessibility links

Еліміз тәуелсіздігін алған алғашқы жылдардан-ақ ел басшылары қазақ тілін өгейсітіп, орыс тіліне бірден басымдылық берді. Себебі олар Кеңес өкіметі тұсында орыс тілі ауанымен жүрген, бойларын құлдық сана жайлаған адамдар еді.

Мемлекеттік тілде толық қанды мемлекеттік іс жүргізу мезгілін өкімет әдейілеп 20 жыл бойы созып келді. Ол аздай-ақ, әдемі сөздермен жазылған бағдарлама және тұжырымдамаларымен қазақ тілі мәртебесін басып, тағы да 10 жылға шегеріп тастады. Соның кесірінен 20 жыл ішінде республика азаматтары айтарлықтай сауатсызданды. «Сауатсыз адам» деп қазақ тілінде екі сөздің басын қосып жаза алмайтын барлық Қазақстан Республикасы азаматтарын айтамын.

Мәселен, өткенде «президенттік сайлауға қатысып, президенттікке үміткер боламын» деген Уәлихан Әбішұлы мемелекеттік тілді меңгеру деңгейін көрсетуге орталық сайлау комиссиясы алдына барды. Ақырында лингвистикалық комиссия төрағасы Мырзатай Жолдасбековтің «Қайсаров екі беттік жазба жұмысында жиырма сегіз қате жіберді» деп жариялағанын барлығымыз білеміз. Бұл мәселенің екінші жағынан қарасақ, менің айтқалы отырған ой-пікірімді Жолдасбеков растап отыр. Ендігі жерде комиссия төрағасы «танымал саясаткерді сайлауға өткізбедім» деп қуанбауы керек, керісінше ғалым тұрғысында өзі куә болған жағдайдың себебі мен салдарын зерттеуі керек.

Мемлекеттік органдардағы айналымда жүрген қазақ тіліндегі барлық ресми құжаттарда да орфографиялық, пунктуациялық, стильдік қателер жоқ деп бүгін кім кепілдік береді? Ана тіліне қамқор болып, сол қателерді түзетуге және болдырмауға «ең сауатты адам» неге ат салыспайды? Еліміздегі барлық мемлекеттік органдарда, мекемелерде, банк және жекеменшік кәсіпорындарына барсаңыз, «толтыр» деген бланк-қағаздары ескі формулярда және ресми тілде жазылған. Тіпті, бетін аулақ қылсын, басыңызға іс түссе Астана қаласында қазақ тілінде құқығыңызды қорғайтын заңгер-адвокатты табу бүгін мүмкін емес.

Түрлі тақырыптарға арналған қызықты және ұшқыр жазылған мақалаларға толы ғаламтор сайттарына мен жиі кіріп, ашып қараймын. Шамам келгенінше барлық қазақ тілінде жазылған қызықты деген мақалаларды оқып, тақырып бойынша туған өз пікірімді қосып, жазып жіберуге тырысамын. Сондағы байқағаным, басым көпшілік оқырмандар өз пікірлерін орфографиялық, пунктуациялық, стильдік тағы басқа қателермен жазады. Сенбесеңіздер, кез-келген уақытта ғаламторға кіріп, оқырмандарға пікір жазуға мүмкіншілік жасалған сайттарды ашып тексеріп көрулеріңізге болады.

Қазақ халқы үшін тілдің қадір қасиетін айтудың қажеті жоқ. Барлығы оны жақсы біледі. Басшыларымызға айтарым: «Ана-тіліңе шынайы қамқор бол, мемлекеттік денгейде мүмкіншілік жаса. Жүрген жеріңде тек қана қазақша сөйлеп, ел-жұртқа үлгі көрсет». Еліміздің Президенті мемлекет тіліне қамқор болса, еліміздегі басқа халықтардың тілдері де қор болмайды.
Ал қазақ халқы өз ана-тілінен ажырап, жаппай сауатсызданса, нәтижесінде залалы барлық халықтарға тиеді.

Қазақ және орыс тілдерін шала білетін мектеп жасындағы балалар, өздерінің проблемасы мен қиын көңіл сәттерін ата-анарына қай тілде болса да айтып жеткізе алмайды екен. Ата-ана мен баласы арасында қарым-қатынасқа шорқақ тіл кедергі болса, баланың көңілімен қоса, өмірге деген еркі басылып қалады. Қазақ мектептеріндегі оқушылар, білім ордасына қазақ тіліндегі кәусар білімді игеруге емес, орыс тілін жетік игеруге көп күш жұмсайтынға ұқсайды. Оған дәлел, мектеп дәліздерінде шүлдірлеп орысша сөйлеген қазақ балаларын жиі көруге болады. Оқу бағдарламаларына таңылған «Үш тұғырлы тіл» саясаты балаларымыздың тілдерін мүлдем шұбарландырып жіберді.

Мемлекетіміздің осынша жылдар бойы жүргізіліп отырған полиэтникалық саясаты қазақтарға ауыр тиіп отыр. Елімізде демократияның орнығуына да мүмкіншілік бермей келе жатқан сол саясат. Әр қазақ азаматының мұраты жоқ емес, бар. Алайда, ана-тілінен ажырап қалған қазақтардың болашаққа деген ойлары бұлыңғыр. Себебі, заман жақсыға өзгеріп, әділдікпен мемлекеттік тіл салтанат құрса қазақ тіліне шорқақ азаматтар далада қаламыз деп қорқады. Содан-соң, демократиялық құндылықтардан тілдерін жоғары қойған орыстілді халықтар да, әр сайлауда өз мудделеріне сай саясат жүргізген адамға талмай дауыс беруден шаршамайды. Алдағы сайлау додасында да орыстілділер сол өздеріне ыңғайлы адамға дауыс беретіндеріне шүбә жоқ. Нәтижесінде, демократияға және еркіндікке қол жеткізе алмаған қазақ елі тағы да ұтылады. Еліміздегі осындай елеулі құбылыстар (факторлар) орын алғанда «көйлегің көк, тамағың тоқ болады» деген әлеументтік жарылқау уәде-ұрандар өз күшін жоғалтады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG