Accessibility links

Муамар Каддафидың ұлы Ливияның азаматтық соғыс қарсаңында тұрғанын айтады


Ливияны қырық жылдан астам билеп отырған Муамар Каддафидың ұлы – Сейф әл-Ислам Ливияның азаматтық соғыс қарсаңында тұрғанын мәлімдеді.

Телеарна арқылы жасаған үндеуінде ол наразылық білдірушілердің елдегі бірқатар әскери базаларды, танктер мен қару-жарақты басып алғанын айтты. Наразылықты күшпен басуға әрекет жасаған биліктің кінәсінен жүздеген адамның қаза тапқаны туралы ақпаратты жоққа шығарған Сейф әл-Ислам, әйткенмен де полиция мен армияның бірқатар қателіктер жасағанын мойындады.

Ол бүгін ел парламенті реформалар жүргізу және еңбекақы көлемін көбейту туралы мәселелер қарайтынын хабарлады.

Жексенбі күні Ливия әскерилері елдегі екінші үлкен қала – Бенгазиді тастап шыққанын мәлімдеген еді. Құқыққорғаушылар ол қалада халық наразылығын асқан қатыгездікпен басып тастамақшы болған билік күші мен шерушілер арасындағы қақтығыс салдарынан 200-ден астам адам мерт болған дейді.

Әлем қауымдастығы Ливия басшылығынан қантөгісті тоқтатуды талап етіп жатыр.
XS
SM
MD
LG