Accessibility links

Кезектен тыс президент сайлауына 4,7 миллиард теңге бөлінеді


Сәуірдің 3-і күні өтетін Қазақстан президентінің кезектен тыс сайлауына үкіметтің қаржы қорынан 4,7 миллиард теңге бөлінеді. Бұл туралы үкіметтің тиісті қаулысы шыққанын бүгін Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов мәлімдеді.

Оның айтуынша, биылғы сайлауға бөлінетін қаржы көлемі 2005 жылы өткен президент сайлауына жұмсалған қаржыдан 1,7 миллиард теңгеге көп болмақ. Ол бұның «инфляциялық үрдістерге, сондай-ақ сайлау комиссияларының қызмет қамтамасыз етуге жұмсалатын шығындардың объективті ұлғаюына байланысты» екендігімен түсіндірді.

2009 жылы «Сайлау туралы» заңға енгізілген толықтырулар мен өзгерістерге сәйкес, территориалдық пен учаскелік сайлау комиссияларында жұмыс істегені үшін мемлекеттік қызметшілерге ең төменгі еңбекақы мөлшерінің үш еселенген көлемінде жалақы төлеу белгіленген. Бұған қоса, мейрам және демалыс күндері жұмыс істегені үшін сайлау комиссияларының барлық мүшелеріне қосымша ақы төленуі тиіс.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG