Accessibility links

«Әр кәллада бір қиял»


Герольд Бельгер, қазақ жазушысы. Алматы, 27 желтоқсан 2009 жыл.

Герольд Бельгер, қазақ жазушысы. Алматы, 27 желтоқсан 2009 жыл.


Герольд Бельгердің «Казахское слово» шығармасын оқып отырып, біраз сөздердің мағынасына қанықтым. Мысалы: елең-алаң деп – таң алдындағы қараңғылық әлі сейілмеген шақты атайды екен. Құланиек, құлансәрі – айналаны біраз ажыратып, жарық түсе бастаған кез. Таңсәрі – жарық түсіп, бірақ күн шықпаған кез. Сәскенің де үш түрі болады: сиыр сәске (күн арқан бойы көтерілген мезгіл), сәскетүс (шамамен түскі сағат 12), ұлы сәске (түскі ас алды); Тал түс (түскі 2-лер шамасы), шаңқай түс (көлеңке қысқарған кез).

Бұл сөздердің жалпы мағынасын түсінгенмен мезгілдердің осыншалықты нәзік ажыратылатынын білмеппін. Және осы сияқты мысалдар көп. Тағы да бір мысал: көктем туды, жаз шықты, күз түсті, қыс келді. Мезгіл, табиғат құбылыстарын аса сезімталдықпен қабылдайтын ата-бабамыз бұл етістіктерді қазіргідей ауыстырмай қолданбаған деседі (қысы-жазы офистен шықпайтын кейбір қандастарымызға қыс па, жаз ба – бәрібір ғой).

Жазушы қазақ тілінің сөздік қорға бай екенін, бірақ өкінішке қарай, барған сайын тіліміздің жұтаңданып бара жатқанын айтады. Шыны керек, бұл сөздерді күнделікті өмірде қолданбаймыз ғой. Сосын «көзден кеткеннен кейін көңілімізден де кетеді». Есесіне өмірімізге жаңа салалар келіп жатыр. Сәйкесінше, жаңа сөздер де. Егер тіліміз дамысын десек, осы тенденциядан қалып қоймауымыз керек секілді.

Әзірге бұл тұрғыда жүйріктік таныта алмай жатқанымыз анық қой. Бір компьютердің өзіне байланысты қаншама сөз бар. Мәселен, ауылымызға келген оралмандар кейбір сөздерді сол орысша күйінде қолданады, ал кейбір сөздерді өздерінше аударып алған. Олардың ара-арасында сәтті аудармалар да кездеседі. Сондықтан, меніңше, бірізділікті сақтау үшін ең әуелі арнайы сөздік шығару керек. Сосын оларды айналымға енгізетін мамандар және ақпарат құралдарына беру керек. Сөйтіп, сөйтіп... бәлкім, адам болып кетерміз….

http://maqpal.wordpress.com
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG