Accessibility links

Ресей БҰҰ-ның Ливияға қарсы санкциясын қолдады


Бүгін Ресей БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Ливия шерушілерін күшпен басып тастаған билігіне қарсы салған жаңа санкциясына қолдау танытты.

Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров жексенбі күні таратқан мәлімдемесінде, солтүстік африкалық билікті адам құқықтарын сыйлап, халықаралық заңдарды орындауға шақырған.

БҰҰ-дағы Ресей елшісі Виталий Чуркин де БҰҰ-ның Ливияға қатысты санкциясын қоштап, бұл елді азаматтық соғыстан сақтау үшін осындай тәртіп қажет деген.

Мұның алдында БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесі бірауыздан Ливия жетекшісі Муаммар Каддафидің режиміне қарсы санкцияны мақұлдады. Бұл қарар Каддафи мен туыс-жақындарының шетелге шығуына тыйым салып, есеп-шоттарын жауып тастайды.

Сонымен қоса Қауіпсіздік кеңесінің қарары халықаралық қылмыстық сотты Ливия үкіметінің шерушілерді басып-жаншуы мен бейбіт халықтың өліміне жауаптыларын тергеуге шақырады. Және де бұл санкция бойынша Ливияға қару-жарақ эмбаргосы енгізілді.
XS
SM
MD
LG